Сусамыр дерті азаймай тұр

  • 28
  • 23.05.2025, 19:07

Орталық Азия елдері қант диабетіне қарсы күш біріктіруді көздеп отыр. Бұл туралы Алматыда өткен 7-ші халықаралық диабетологтар форумында айтылды. Жиында меморандумға қол қойылып, жол картасы бекітілді. Бірлескен жоспарда сусамыр ауруын ерте анықтау, халықты ақпараттандыру және емдеу сапасын арттыру жолдары қамтылған. Алдағы уақытта жоспар Азия диабет қауымдастығына таныстырылып, халықаралық бағалаудан өтеді. Бұл дерт Орталық Азия елдері арасында Қазақстанда көп тіркелген. Бүгінде 520 мыңнан астам адам есепте тұр. Жыл сайын мемлекет қант диабетінен емделу шараларына 50 млрд теңгеден аса қаржы бөледі. Дегенмен науқастар саны жылдан жылға артып келеді, әсіресе балалар арасында көбейген.

Қаламқас Рысбекова, Жетісу облысы бойынша штаттан тыс бас эндокринолог дәрігері:

- Қазір көптеген жеңіл-желпі жасалатын тамақтар мен газдалған сусындар көп.  Соның бәрін қолдану әсерінен қант диабеті өте көп шығып жатыр. Екіншіден - қосымша аурулар. Үлкен кісілердің егде жастағы адамдарда қосымша аурулар көп болғандықтан, оның бәрі ағзаға кері әсерін тигізіп, қант диабетін туғызып жатыр.