Ертеңнен бастап тұрғын үй кезегінде тұрғандар тізімі жергілікті атқарушы органдардан Отбасы банкке өтеді. Сөйтіп қаржы ұйымы кезекке қою және үйлерді бөлуге міндеттеледі. Ал жергілікті билік азаматтарды баспанамен қамтуға және құрылысқа жауапты. Әділ бөлу үшін кезекке қойылған күн мен мұқтаж жандардың табысы да ескеріледі. Жалпы елде кезекте тұрған азаматтарды қолдауға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарлама бар. Соның бірі жалға берілетін тұрғын үймен қамту. Былтыр 13 мың адам осындай мүмкіндікке ие болды. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, елде 654 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Ал жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20%-ы жетім балалар мен көп балалы отбасыларға беріледі.
Қанат Мыңбаев, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл жерде барлығы ашық. Жалпы электронды түрде, ешқандай мәселе жоқ. Кейбір азаматтар «алып тастады, кезегім келіп болмай жатыр» деп айтуы мүмкін. Оның барлығы негізінде елдегі салынып жатқан құрылыстың қарқыны. Кезекте тұрған азаматтардың кезектілігі жылдам жүреді. Біз неғұрлым тұрғын үй көлемін ұлғайтатын болсақ, соғұрлым кезек жылдам келеді.