Белгілі журналист Диас Ахметшәріп өмірден озды

  • 38
  • 23.05.2025, 19:15

Қазақ спорт журналистикасы қара жамылды. Талай додаларда саңлақтарымыздың жеңісін сүйіншілеп хабарлаған белгілі комментатор Диас Ахметшәріп 49 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ол - саналы ғұмырын журналистикаға арнаған абзал жан. Бұл салада ширек ғасырдан астам қызмет етті. Алғашқы еңбек жолын «Қазақ радиосында» репортер болып бастап, кейін «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында жалғастырды. Тек біздің арнада ұзақ жыл бойы қызмет етті.

Республика және әлемдік деңгейлердегі спорт сайыстарынан хабар тартты. Тәжірибелі маман, көркем мінез иесі әрі әріптестері арасында сыйлы болатын. Талай шәкірт тәрбиелеп, елімізде спорт журналистикасының дамуына зор үлес қосты. Кейін «Qazsport» телеарнасын басқарды. Олимпиада және Азия ойындарының, Әлем чемпионаттарында спорт шолушысы болды. Соңғы жылдары бірқатар мемлекеттік органда еңбек етті. Айта кетейік, бұған дейін оның комаға түскені туралы ақпарат тараған еді..

Телжан Күдеров, спорт шолушысы:

- Диастың өз ісінің берік маманы екені және оның адамгершілігінің өте жоғары екендігін мен жақсы түсіндім. Ол жан-жағының барлығына қамқор бола білетін. Ол өзінің ата-анасын, бала-шағасын және де кәсібін өте жақсы сүйген азамат болды. Ең бастысы ол өз ісінің нағыз маманы еді. Бірнеше тілді жетік меңгерген, біздің елімізде таптырмайтын нағыз медиа менеджерлердің бірі ретінде де тарихта қалатын болды.

«Хабар» агенттігінің ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады...