Елордада тұрғындар кіші Талдыкөлдің тағдырына тағы алаңдай бастады. Айтуларынша, көлдің суы азайып, айналасы қоқысқа толып барады. Сондықтан бұл маңдағы құрылысты тоқтатуды талап етуде. Ал экобелсенділер қаланың бас жоспарын қайта қарау керек деген пікірде. Жауапты мекеме өкілдері болса, саябақ құрылысы туралы айтып отыр.
Кіші Талдыкөл көлдер тобы үшін күрестің жалғасып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Жергілікті билік бұл жерді ағынды сулар жиналатын орынға жатқызса, белсенділер табиғи су айдыны деп қарастырады. Талдыкөлдің тағдырына алаңдаған экологтар мен осы маңда тұратын тұрғындар дабыл қағып, жауапты органдарға талай барған. Себебі көл кетіп, шөл қалған кездер де болған. Нәтижесінде құрылыс жүріп ғимараттар салынған.
Руслан Оразалиев, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының ғылыми қызметкері:
-Оларды көміп тастады. Кептірген де жоқ, үстінен жаба салды. Егер біз елорданың 2035 жылға дейінгі бекітілген бас жоспарына қарайтын болсақ, онда 7 көлден 2-ін қалдырған. Мұнда экосаябақ салу жоспарланған. Ал құрылыс жоспарын көретін болсақ, онда бәрі ғимараттармен толатынын көреміз.
Бұл жер ерекше қорғалуы тиіс, қызыл кітапқа құстардың да мекені болған. Тұрғындар бірер жыл бұрын үйрек-қаз, аққу, бірқазандарды жиі көргенін айтады.
Әсел Сембина, қала тұрғыны:
-Талдыкөл суы азайып кеткен, бетінің бәрін балдыр басып кеткен және былтырғы жылы жүрген бір де бір құсты көрмейміз. Бұл туралы уайымдай бастадық, бұл туралы айтып бастадық. Біздің ойымызша, мына салынып жатқан үйлердің барлығы мына Талдыкөлдің көлемінің азайып, кебуіне осы әсер етіп жатыр деп ойлаймыз.Талдыкөлдің экосистемасын қалдырсын деген ниетпен осылай шығып жатырмыз, айтып жатырмыз. Тура мұндай парк Нью-Йоркта ғана бар екен. Біз неге құртқанша, одан да осы бар нәрсені сақтап қалайықшы деген үндеудеміз. Табиғат жанашырларының айтуынша, бұзылған аумақты қайта ретке келтіру маңызды. Себебі белсенді құрылыс жүргізу мен экожүйені бұзу түптеп келгенде ағынды су мен тасқынға қатысты басқару ісіне кері әсерін тигізбей қоймайтынын айтады. Қазірдің өзінде кейбір үйлердің жертөлелері көгеріп, лифт шахтары суға толатын болған. Белсендң Руслан Оразалиевтің айтуынша, Бектұров, Тұран көшелеріндегі үйлерде бұл қалыпты жағдайға айналыпты.Ал қала әкімдігі «SOS Taldykol» экологиялық қозғалысы өкілдері және аумақтың ландшафты жоспарын түзген британдық сәулет компаниясы мамандарымен бірге жұмыс тобы құрылғанын жеткізді. Ол көлдің №5 және №7 аумағын жіті айналыспақ. Жұмыс осы жылдың екінші тоқсанында аяқталып, келесі кезеңде демалыс аймағының құрылысы басталмақшы. Көлдердің қалған бөлігіне қатысты мәселе әзір белгісіз екен.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Роза Сатканова, Аманжол Байғазин