«Бақты» халықаралық кеден бекетінде жаңарту жұмыстары қызу қарқын алды. Бұрын шекарада жүздеген автокөлік 2-3 күндеп кезекте тұратын. Құрылыс жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарда. Абай облысындағы тілшіміз Рүстем Қайратұлы қазақ-қытай шекарасындағы кеден бекетіне барып қайтты.
Еламан Асырандиновтың жүк көлігін тізгіндеп жүргеніне төрт жылдың жүзі болыпты. Ай сайын «Бақты» кеден бекеті арқылы Қытайға барып келеді. Ол бекеттің жаңартылатынын естіп, қуанып отыр. Себебі қазір жолдың тарлығы мен көліктің көптігі қатынауға біраз кедергі келтіретінін айтады.
Еламан Асырандинов, жүргізуші:
-Жаңартылғаны жақсы ғой. Бәрі жақсы. Жүргенімізге 4 жыл болып қалды. Уақытында келеміз, уақытында өтеміз. Машинаның көптігінен кейде очередь ала алмаймыз.
Қазір «Бақты» халықаралық кеден бекетінде қызу құрылыс жүріп жатыр. Жоба бойынша заманауи жолаушылар терминалын салу жоспарланған. Сонымен қатар автокөліктерге арналған өткізу жолағының саны екіден алтыға дейін көбейеді. Экспорт пен импорт бағытындағы жолақтар саны үш есе артады.
Ержан Төлеубаев, «Бақты» халықаралық кеден бекетінің басшысы:
- Құрылыс жұмыстары біткеннен кейін біз 500-600 автокөлікке дейін қабылдай аламыз. Өткізу қабілеті көтеріледі, ұлғаяды. Біздің кеденшілерге сыртқы экономикалық қатысушыларға өте қолайлы жағдай болады. Электронды слотты сол уақытта 500 автокөлікке дейін көтереміз.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
-Құрылыс нысанында 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар 10-нан аса техниканың көмегімен көзделген жоспарды дер кезінде аяқтауға атсалысып жатыр.
Бекетте барлық кедендік қызметтер автоматтандырылып, бақылау мен рәсімдеу жүйесі біріктіріледі. Бұл уақыт үнемдеп, жұмысты жеделдетуге сеп. Жолаушылар мен жүктерді өткізуге арналған жеке кіріп-шығу жолақтары қарастырылады.
Эрнст Энграф, мердігер ұйым өкілі:
- Бүгінде құрылыс жұмыстары 80% аяқталды деп айта аламыз. Қазір ғимараттың ішін жасап жатырмыз. Одан кейін жол төсемі бар. Монтаждау жұмыстары қалады. Жалпы барлығы жоспарға сай жүріп жатыр.
Жоба толық жүзеге асқанда «Бақты» кеден бекетінің әлеуеті шамамен бес есе артады.
Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы