5 жыл болды, елордалықтар «Қазақстан» спорт сарайының игілігін көре алмай отыр. Неге? Құзырлы органдардың дерегінше мердігер компания, ғимаратты жөндеу жұмыстарын аяқсыз қалдырған. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде іске асуы керек болатын. Соңғы жылдары бұл салада қолға алынған жобалардың орта жолда бітпей қалатыны көбейген. Бұған не себеп болды?
6 жыл бұрын үздіксіз қызмет көрсеткен «Қазақстан» спорт сарайының қазіргі күйі осындай. 2020 жылы Астана әкімдігі мен шетелдік компания арасындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жұмыс басталуы керек еді. Келісім бойынша жөндеу аяқталған соң қаржы бөлінуі тиіс болған. Алайда жоба аяқсыз қалды.
Айгүл Садықова, «Қазақстандық МЖӘ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ департамент директоры:
-2023 ақпан айында словакиялық компания ғимараттың күрделі жөндеу жұмысын аяқтап, екінші кезеңге өтуі керек болған. Келісім бойынша кешігу 180 күннен аспау керек еді. Дегенмен қарашада 250 күн болғандықтан келісімді тоқтату керек болады.
Спорт сарайының құрылысын аяқсыз қалдырған компания айыппұл төлеп құтылды. Жоспарлы жұмыс енді қашан жалғасын табады?
Жансая Айменова, «Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ спорт бөлімінің басшысы:
-Сот тәртібімен шарт бұзылған. Қазіргі таңда Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы бұл нысан қалалық құрылыс басқармасына өткізілген.
Елімізде соңғы 20 жылда мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша 135 келісімшарт бұзылған. Оның 82% инвестиция алу кезеңіне де жетпеген. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүйесін қайта жандандыру міндетін қойды. Бүгінде Президент сынынан соң сең қозғалғандай. Парламентте жаңа бюджеттік кодекс шеңберінде қабылданған мемлекеттік-жекешелік әріптестік заңдарға бірқатар толықтыру мен өзгерту енгізілді.
Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарттарын жасасу тек конкурстық негізде жүргізілетін болады. Ерекше жағдайларда ғана Үкіметтің ғана шешімі бойынша бірге объектілерді құру үшін тікелей келіссөздерге жол беріледі. Жоспарлау және конкурстар цифрлық форматқа көшірілді. Жеке серіктестіктерге кейбір мемлекеттік функцияларды негізсіз беруді болдырмау үшін республикалық мемлекеттік – жекешелік әріптестік жобалары монополияларды реттеу органдарымен келісіледі.
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, 2041 жылға дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына 1,5 триллион теңге бөлініп отыр. Оның 67% 2029 жылға дейін игерілмек. Бюджетке салмақты азайту үшін үш жобаны осы бағытта қаржыландыру көзделіп отыр. Оның біріншісі – Көкшетау қаласындағы көпсалалы аурухана салу. Сондай-ақ «Үлкен Алматы» айналма автожолы магистралі мен кең жолақты интернетке қосылу арқылы ауылдарды цифрландыру жобалары жүзеге асады. Одан бөлек, Арман Қасенов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Бүгінгі таңда Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері жеке инвестицияларды тарту мақсатында тиісті тарифті қамтамасыз ететін ведомстволық бұйрықтар әзірлеуде. Қазіргі уақытта әртүрлі дайындық кезеңдерінде жалпы сомасы 435 млрд теңгеге 89 жоба бар. Келісімшарттар саны бойынша көш бастап тұрған өңірлер: Түркістан облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Атырау облысы.
Бүгінгі күні 1 мамырға дейінгі жағдай бойынша жалпы сомасы 2,6 трлн теңгені құрайтын 1109 мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімі жасалған. Мыңнан аса жоба жергілікті қазынадан қаржыландырылса, 15-і республикалық бюджет есебінен жүзеге аспақ.
Диана Қадыр, Аманжол Байғазин, Самат Сүйлейменов