Жаз мезгілінде балалардың жарақат алу қаупі артады. Сондықтан жер-жерде құқықтық ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстары күшейді. Мәселен, ұлытаулық полицейлер мектеп оқушыларына жолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Балалар жас инспекторлардың слетіне қатысып, тәртіп сақшыларының жұмыс орнын аралап көрді.
Жыл басынан бері облыста балалардың қатысуымен бір де бір жол көлік оқиғасы тіркелген жоқ. Бұл полиция мен мұғалімдердің бірлескен жұмысының нәтижесі. Оқу жылының басында әр мектепте инспекторлар сыныбы жасақталып, балаларға жолда жүру ережесін түсіндіру бағытында қыруар іс атқарылды. Бүгінгі өткен жас инспекторлар слеті сол шаралардың қорытындысы іспетті.
Қайырбек Рақымбеков, ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:
-Жол көлік оқиғаларының алдын алу. Оның ішінде балалардың қатысуымен болатын оқиғалардың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатыр. Әрине, жаз кезінде балалардың жарақат алуы болады. Кішкентай балалардың терезеден құлап кетуі болады. Бұл жөнінде де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Полиция қорқытпайды, керісінше қорғайды. Сондықтан қоғам тыныштығы жолында жауапты міндетті арқалап жүрген қызметкерлер туралы әр бала білуі тиіс. Осы мақсатта балабақша бүлдіршіндеріне арнап полиция департаментіне экскурсия ұйымдастырылды. Балалар қызметтік көліктерге мініп, жедел басқару орталығы мен кинология бөлімінің жұмысымен танысты.
Наталья Емельяненко, балабақша тәрбиешісі:
-Мұндай іс-шара бүлдіршіндер үшін өте маңызды. Себебі балалар жас кезінен бастап полиция қызметкерлері туралы білуі тиіс. Тәртіп сақшылары біздің ұжымға да келіп тұрады. Балалармен және олардың ата-аналарымен құқықтық сауаттылық жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Ал жазғы каникул кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз аула», «Қауіпсіз маршрут» секілді түрлі акциялар ұйымдастырылады.
Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов