Олжас Бектенов Алматыдағы Kaspi.kz логистикалық орталығымен танысты

  • 113
  • 27.05.2025, 18:46

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары барысында Kaspi.kz-тегі Magnum онлайн-супермаркетінің логистикалық орталығымен және ритейл саласындағы жаңа инфрақұрылыммен танысты.

Қазақстандық Kaspi.kz инновациялық компаниясының басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе электронды коммерцияны дамытудағы жетістіктері туралы баяндады. Сондай-ақ жаңа логистикалық орталықтардың ашылатыны туралы хабарлады.

Kaspi.kz-тегі Magnum онлайн-супермаркетінің Алматыдағы ең ірі логистикалық орталығында 10 мың түрлі тауар ұсынылған. Оның жартысынан астамы – қазақстандық өнімдер.

Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі:

Біз ерекше мақтан ететін бір көрсеткіш – сатылымның 50 пайызы қазақстандық өнімдерден тұрады. Яғни біз Қазақстанда өндірілген тауарларды онлайн-супермаркет арқылы сатуды мақсатты түрде дамытып жатырмыз.

2025 жылы онлайн супермаркетке 800 мыңнан астам қазақстандық 5,3 миллион рет тапсырыс беріп, тегін жеткізу қызметін пайдаланған.

Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі:

Онлайн супермаркетті біз шамамен 3-4 жыл бұрын дамыта бастадық. Бұл Kaspi.kz қосымшасына енгізілген толықтай онлайн қызмет. Жүз пайыз онлайн жұмыс істейді. Тауарларды онлайн таңдап, 3 сағат ішінде алуға, пікір қалдыруға болады. Оны пайдаланатын әр 10 адамның 9-ы өте жақсы деп бағалайды. Яғни адамдар өте риза. Тек Алматының өзінде онлайн супермаркетті шамамен 200 мың отбасы қолданады.

Kaspi.kz компаниясының онлайн-супермаркетке салған инвестициясы 53 миллиард теңгеден асады. 4500 жұмыс орны құрылды, 5 миллиард теңге салық төленді. Сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкентте Magnum-ның алты логистикалық орталығы салынды. 2025 жылы Алматы, Астана, Қарағанды және Ақтөбеде тағы төрт орталық ашу жоспарланған.

Сондай-ақ Михаил Ломтадзе Үкімет басшысына цифрлық қызметтерді ұсынуға арналған екі заманауи дата-орталық — Kaspi Cloud жобасы туралы айтты. 5 МВт қуаты бар 250 орын секундына 10 мың транзакция жүргізе алады. Бұл жобаға Kaspi.kz тарапынан 14 миллиард теңге инвестиция салынған.

Аршын Кемелжан