Киіктерден кедергі көп болып тұр. Орталық, Батыс және Солтүстік аймақ шаруаларының жанайқайы Парламентке жетті.
«Қызыл кітапқа» енген ақбөкендер егіс алқаптарын таптап жатыр, - дейді олар. Бір ғана Ақмола облысының өзінде шаруалар млрд-таған шығынға батқан. Бүгінде киіктерді егістікке жақындатпау үшін еліміздің 7 өңірінде арнайы штаб жұмыс істеп тұр. Бірақ мұның өзі аздық етеді, - дейді жиынға қатысқандар. Себебі киіктер саны төлімен бірге есептегенде 5 млн-ға жуықтаған.
Ғалымдар мен құзыретті орган өкілдерінің есебін тыңдаған депутаттар ақбөкен санын азайтып, оның бағалы терісі мен мүйізін және адал етін тиімді пайдалану тетіктерін қайта қарау керек деген шешімге келді.
Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қолданыстағы заңнама аясында және уәкілетті органдардың мақұлдауымен кәсіби аңшыларды тарта отырып, ақбөкендерді бақылаулы түрде ату жұмыстарын ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Бар болғаны бүгінгі таңда 13-ақ ет комбинаты дайын екен. Ол тым аз. Бұдан басқа, заңды реттеу және өнімді өңдеуге қатысатын шаруашылықтарға субсидия қарастыру қажет деп ойлаймын.