Қарағанды облысында 10 жаңа мектеп салынады

  • 160
  • 27.05.2025, 18:41

Қарағандыда жаңа оқу жылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі мектеп пайдалануға беріледі. Қазір білім бөлімінің мамандары құжатын рәсімдеп жатыр. 1-ші қыркүйекке дейін оқушыларды қабылдау жұмыстары толық аяқталады. Мұнда бала саны көп мектептердің де біраз оқушысы ауысады. Болашақта қала бойынша осындай 4 заманауи білім ошағы жұмыс істейтін болады. 

«Кең Дала» ықшамауданындағы мына мектепте 2000 бала оқиды. Бұл Қарағандыдағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген алғашқы оқу ордасы. Мұнда жақын маңдағы бала саны тым көп 4 мектептің оқушылары ауысыпты. Білім ошағында барлық жағдай қарастырылған. Бастауыш және жоғарғы сыныптарға арналған бөлек кіреберістер, 4 спорт залы, зертханамен жабдықталған оқу  бөлмелері бар.

Гүлдана Асамиданова, №19 жалпы орта білім беру мектебі директорының міндетін атқарушы:

- Балалар мысалы үшін сабақты түсінбей қалса, олар түстен кейін қалып, мұғалімдер олармен қосымша жұмыс атқара алады. Бұл басқа мектептерге қарағанда бізідің мүмкіндігіміз. Себебі екі ауысымды мектептерде түстен кейін кабинеттер бос болмай қалады, балалардың отыратын орны болмай қалады. Ал бұл жерде оның барлығы қарастырылған.

1-ші қыркүйекте қалада осындай тағы екі заманауи мектеп пайдалануға беріледі. Жаз бойы білім бөлімінің мамандары оқу ордаларының құжатын рәсімдеп, оқушыларды қабылдаумен, ұстаздар ұжымын жасақтаумен айналысады. Тағы бір мектептің құрылысы тамыз айында бітуі тиіс. Келешекте мұнда қаладағы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалғыз үш ауысымдық мектептің біраз оқушысы келеді. 

Есентай Әшім, қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Қаламыз Оңтүстік-Шығысқа қарай өсіп келеді. Бұл аймақта биік үйлер салынып жатыр, жастар көшіп келуде, және балалар саны өте көп. Бұл мектептер жайлы әрі ыңғайлы. Төрт мектептің бірдей салынуы өте жақсы болды. Біз көптеген оқушылардың оқу орындарына қатысты тапшылық мәселесін шешіп жатырмыз.

Жалпы Қарағанды облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 білім ордасы салынады. Бұл өңірдегі мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешуге оң серпін береді.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит