Батыс Қазақстан облысында балалар арасындағы буллингпен күрес күшейді. Тек соңғы 3 жылда Stop Bullying жүйесіне мектеп оқушылары мен студенттерден 1300-дей арыз түскен.
Мәселен, былтыр құқық қорғау органдары қала колледждерінің бірінде жасөспірімдерге әлімжеттік жасап, мәжбүрлеп ақша жинап жүргендерді қолға түсірді. Оқу орнындағы заңбұзушылық жайлы балалардың өздері QR-код арқылы хабарлаған.
Күні бүгін шаһардағы барлық білім ордаларына аталған жүйе жайлы хабарландырулар ілінген, студенттер арасында семинар-тренингтер жиі өткізіліп тұрады..
Ділназ Алтайқызы, Stop Bullying жүйесінің жоба менеджері:
- Бізде қазір QR-кодтар мектептерде ілулі тұр. Оқушылар қандай да бір жағдайға тап болғанда олар сканерлейді. Өздерінің проблемаларын бізге жеткізеді. Біз 2-5 секунд аралығында оларға жауап беріп, хабарласамыз. Содан кейін тағы андройдта мобильдік қосымшамыз бар.