Қыз алып қашқандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Мәжіліс тиісті заңды мақұлдады. Оған бастамашы болған депутаттар. Өзгерістерге сәйкес мәжбүрлеп некеге тұру енді қылмыс санатына жатқызылады. Сондай-ақ алдағы уақытта мобильді шотқа түскен ақша да тексерілетін болды. Бұл күдікті операцияларды жылдам анықтау жалпы экономикалық қауіпсіздік үшін қажет, - дейді мамандар.
Қыз алып қашу. Бұл ата-ана мәпелеп отырған қыздың, қарындастың, болашақ ананың тағдыры. Депутаттар осыны ескеріп, мәселеге жан-жақты талдау жасапты.
Елімізде соңғы 5 жылда қыз алып қашуға байланысты 256 жағдай тіркелген екен. Алайда соның тек 5-і сотқа жеткен. Неге аз? Бірінде тараптар татуласса, көп жағдайда заңда тиісті норманың жоқтығы істі жылы жабуға себеп болған. Бүгінгі өзгерістерге сәйкес, ондай әрекет енді қылмыс санатына көшіріледі.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Өздеріңіз білесіздер, соңғы кездері қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, дәріптеу әрекеттері жиілеп кетті. Бұл адамның құқығы мен еркіндігін өрсекел кемсіту. Осыған байланысты депутаттар ондай әекеттер үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін түзетулерге бастамашылық жасады. Бұл шара осындай әркеттерге толыққанды құқықтық баға беруге, сондай-ақ адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қылмыстық озбырлықтан қорғауға мүмкіндік береді.
Бас бостандығынан айыру мерзімі қылмыстың ауырлығына байланысты. Егер ол топ болып жасалса және қыздың денсаулығына зиян келсе, кінәлілер 5-тен 10 жылға дейін сотталады. Кей кезде жаза айыппұлмен ауыстырылуы мүмкін? Былайша айтқанда, әр жағдай жеке қаралады. Мәжілісмендер сондай-ақ дропперлер мәселесін де талқылады. Бүгінге дейін олар алаяқтардың ақша шешіп алуына көмектессе де, қылмыстық істе куәгер болып саналатын. Енді күдікті санатына жатқызылатын болды.
Көлеңкелі экономика 42 млрд долларға жетті
Сондай-ақ алдағы уақытта мобильді шотқа түскен ақша да тексеріледі. Өйткені белгілі деңгейде елдің ақшасы осы жолмен және криптовалюта арқылы сыртқа кетіп жатыр. Жалпы көлеңкелі экономикамен күресті күшейту қажет, - деді депутаттар.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қаржы мониторинг агенттігінің өкілдері ауылдағы балықшыларды барып тексереді. Балықшыларға қылмыстық іс ашады. Балықшылармен криптовалютаның арасындағы айырмашылық жер мен көктей ғой.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Неше жылдар болды біздің кеденде заңсыздық қаржы жеке адамдардың қалтасына кету етек алып отыр. Осыған байланысты сіздің агенттік не істеп жатыр.
Жеңіс Елемесов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары:
- Жазбаша берсек, қанша қылмыстық іс тергелді, қаншасы сотталды – осы жиынның аяғында, рұқсат берсеңіз.
Осыдан кейін ресми статистиканы мәжілісмендердің өздері айтты. Қазір Қазақстанның көлеңкелі экономикасы 42 млрд долларға жетіпті. Сарапшылардың бағалауынша, соның үштен бір бөлігі тап осы кеденнің маңайында орын алуда. Депутаттар оны тоқтатуға және алдын алуға заңдық алғышарт жасауға әзір екендіктерін білдірді.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин