Шымкенттегі ойын алаңдары талапқа сай ма?

  • 121
  • 28.05.2025, 18:45

Шымкентте Теріскей шағын ауданындағы тозығы жеткен балалар ойын алаңын жаңарту мүмкін болмай тұр. Себебі жер учаскесі жеке тұлғаның иелігіне өтіп кеткен. Осылайша жоспарлы құрылыс тоқтап тұр. Ал «Халық қатысатын бюджет» жобасының шарттарын орындаған ата-ана болса, ортақ меншіктің қалайша қолды болып кеткеніне аң-таң.

Тозығы жеткен сырғанақ, бүлінген әткеншек. Теріскей шағын ауданындағы ойын алаңының бүгінгі көрінісі осындай. Соңғы отыз жылдан бері жөндеу көрмеген. 

Жамал Бейсенбаева, қала тұрғыны:    

- Қолдарын қысып қалып жатыр анау дөңгелегі ашылып кеткен. Қисалаңдап әйтеуір амал жоқ мінеді. Мынау качеля үзіліп кетіп әткеншектің темірімен қосып құлап, өзіміз құтқарып алдық. Талай сондайлар боп жатыр. Әр баланың соңында бір-бір ата-ана жүреміз. 

Гүлжамал Желеуова ойын алаңы балақайдың сұранысына сай болса екен дейді. Бұл мақсатта «Халық қатысатын бюджет» жобасына қол жинап, өтініш жазған. Алайда шарт толық орындалғанда жер учаскесі жеке тұлғаның иелігінде болып шыққан. Енді көптен күткен құрылыс жоспары аяқсыз қалды. 

Жамал Бейсенбаева, қала тұрғыны:   

- Халық дауыс жинады. Конкурсқа қатысты. Ал енді неге бізді қолдамайды. Осылай жүргенімізге 5-6 жыл болып жатыр. Қарапайым халықтың жерін басқа біреуге шығартады да үндемей отырады. Ештеңеге араласпайды. Әкімшілікке айтсақ біз запрос жібердік дейді. 

Салаға жауаптылар мәселені шешу үшін жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді. Жер учаскесіне зерттеу жасалып, бірыңғай базаға енгізілген деректердің сәйкестігі тексерілген. Нәтижесінде Мемлекеттік АКТ-тің басқа жер теліміне тиесілі екені анықталған. 

Ержан Ерланұлы, қалалық Әл-Фараби ауданы әкімінің міндетін атқарушы:     

- Кадастр мамандарымен бірлесіп ол жерге зерделеу жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік АКТ бар екені анықталды. Алайда мемлекеттік АКТ басқа мекенжайда орналасқандықтан олар сол мекенжайға орнатып, қазіргі таңда босатты. Далалық зерттеу жұмыстары жүргізілген соң аудан әкімі аппаратына мемлекеттік АКТ алу жүргізіледі. 

Осыдан кейін ғана Теріскейге балалар ойын алаңын салу үшін жергілікті қазынаға сұраныс жолданады. Сәйкесінше құрылыс кезеңі келесі жылға жоспарланбақ. Ал биыл «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасы бойынша Әл-Фараби ауданындағы 32 аула абаттандырылады. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов