Баянауыл ауданында биылғы жаз маусымы кәсіпкерлер үшін кедергілермен басталды. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас жоспары әлі бекітілмеген. Маңызды құжат тек екі-үш айдан кейін ғана дайын болады. Ал оған дейін ұлттық парк аумағында кәсіпкерлерге жер берілмейді.
Енді екі аптадан кейін Баянауылда туристік маусым басталады. Жылда осы уақытта, дәл осы жерде қызу дайындық жүріп жататын. Жеке кәсіпкерлер сусын, балмұздақтарын әкеліп, ойын алаңдарын жасақтайтын. Биыл тым-тырыс, ұлттық парк Жасыбай көлінің жағасында сауда-саттыққа тыйым салды. Дүңгіршіктер алынып тасталған. Ал бар-жоғы үш айға созылатын қысқа мерзімде табыс табуды жоспарлаған жеке кәсіпкерлер кімнен көмек сұрарын білмейді.
Руслан Ақпанов балмұздақ саудасымен айналысады. Бұл өнім демалушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Туристік маусым – табыс табуға және бизнес ауқымын кеңейтуге тиімді кезең. Алайда Жасыбай көлінің жағасында биыл сауда жасауға рұқсат берілмейді.
Руслан Ақпанов, жеке кәсіпкер:
-Қысым прокуратурадан келеді, бұл заңсыз болғаннан кейін, жер болмағаннан кейін ұлттық парктен болады, ескертулер жасалады. Ай сайын, апта сайын келіп ескертулер жасайды. Ескертілді дегендей қолхат жинайды. Оның бәрі бізге тәуекел ғой. Қазіргі уақытта біз бәріміз маусымға дайынбыз. Тұрайық десекғ жердің рұқсаты жоқ.
Жасыбай жағасында кәсіптен қағылғандардың дені қарапайым ауыл адамдары. Олар киіз үйді жалға беріп, атпен серуен ұйымдастырып, балаларға арналған ойын алаңдарын құратын. Енді бұл кәсіпкерлік нысандарының жұмысы сот шешімімен тоқтатылды.
Ардақ Кісентаев, Баянауыл ауданының әкімі:
-Ол жерде бізде арнайы дәретханалар мен күркелер орналастырылған. Ол жерде 200 дана шезлонг бар демалушыларға арнайы жасалған. Бұл жерде мәселе былай, ұлттық табиғи парк жаңағы дүңгіршіктерді заңдағы талаптарға сай келмейді дегесін, ол кісілердің бүгінгі күні сыртқа шығару фактісі бар. Бірақ біз заң талабында ол мәселені қарастырып жатырмыз.
Аудан басшысы әзірге ұлттық парктің әрекетіне байланысты тек алты кәсіпкерден ресми шағым түскенін айтады. Биыл ерекше қорғалатын аумақта заңсыз салынған 44 кәсіпкерлік нысан жойылған.
Аждар Жүсіпов, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры:
-Біз соттың шешімі бойынша жұмыс істейміз. Сондықтан барлық кәсіпкерлерге күтуге тура келеді. Парк жанында үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Ұлттық парктің 2025 жылға арналған бас жоспары екі-үш айда дайын болады. Қай бизнеске, қай жерден учаске берілетіні-сол құжат бекітілген соң ғана шешіледі.
Бұл мәселеге аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес төрағасы араласып, Экология министрлігіне жеткізді.
Самат Мақажанов, Баянауыл аудандық мәслихатының депутаты:
-Кәсіпкерлердің мәселесі бүгінгі күнге дейін әлі шешілген жоқ. Тағы да қауіп төніп тұр осындай тәуекел бар кәсіпкерлеріміз осы жылы да жұмыс істей алмайтын. Осы жергілікті елді мекеннің тұрғындарына өз кәсібін айналдыруға бізге рұқсат керек.
Туристік маусым ресми түрде маусымның 15-інде ашылады. Қазір Жасыбай демалыс аймағында 5 мың орындық, 54 демалыс үйі туристерді қабылдауға толық дайын.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков