Риддер туристік орталыққа айналады

  • 285
  • 29.05.2025, 18:43

Риддер қаласы жыл сайын 500 мың турист қабылдауға тиіс. Бұл Үкімет жергілікті билікке жүктеген маңызды міндеттердің бірі. Жоспар аясында Алтай тауларының бөктерінде заманауи тау-шаңғы кешендері салынып, өңір инфрақұрылымы жаңғыртылатын болады. Туризмді дамыту мақсатында халықаралық инвесторлар тарту бағытында жұмыстар басталып кетті. Бүгінде шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Риддердің туристік әлеуеті әлі ашыла қойған жоқ. Әзірге Алтай бөктері экстремалды спорт түрлерін жақсы көретін туристерді ғана қызықтырады. Бұл бағытты дамытуға жол мен жарық мәселесі тұсау салып тұр. Өңірде жаңа нысан салатын мүмкіндік те жоқ. 

Владимир Климов, кәсіпкер:

-Туризмді дамыту үшін жарық керек. Оның өзін жақын маңдағы ауылдан тарттық. Бірақ қуаты жетпейді. Сондықтан құрылыс тоқтап тұр. Екінші мәселе байланыс жоқ.  

Риддердегі туристік аймаққа жарық желілерін тарту жобасы осыдан 8 жыл бұрын басталған. Оның өзінде электр бағандары Экология министрлігінің рұқсатынсыз қойылып, жай тұр. Жергілікті билік өкілдері инвесторларға инфроқұрылым тартып беруге дайын. Қазір Үкімет пен облыстық әкімдікте ірі тау шаңғы кешенін салы мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жұмысқа швейцариялық мамандар тартылған.  

Тимур Жігітаев, облыстық Туризм басқармасының бөлім басшысы:

-Қазіргі таңда мамандар алдын ала орын таңдап, қысы-жазы жұмыс істейтін тау шаңғы курортын салу жөнінде кеңесіп жатыр. Олармен жобаны қаржыландыру мәселесін де талқылап, ортақ келісімге келдік. 

Өңірде Риддерден бөлек Марқакөл қорығында да 10 туристік бағыт ашылады. Қазірсға апаратын жол жөнделіп жатыр. Рахман қайнары да халықтың сүйікті демалыс орнына айналады. «Енді қызмет көрсету саласын жандандыру керек», дейді мамандар.

Сымбат Рамазанов, облыстық Кәсіпкерлік палатасы туризм кеңесінің төрағасы:

-Бізге ағылшын, қытай тілдерін білетін гидтер жетіспейді. Әсіресе, музейлерде. Сондықтан жергілікті билікке тарихи-мәдени орындарды цирфландырып, ақпараттық QR кодтар жасауды ұсынып отырмыз.  

Биыл Шығыс Қазақстан облысы 650 мыңнан аса турист қабылдайды. Қазір оларды қарсы алуға барлық жағдай жасалып жатыр. Айта кетейік, былтыр елімізге демалуға келген шетел азаматтары 2 млрд доллар жұмсаған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин