Жазғы маусымда теміржол желілері бойынша 12 бағыт ашылады. Оның 9-ы Алакөлге қатынайды. Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжановтың айтуынша, биыл 22 миллион жолаушыны тасымалдау жоспарланған. Ал алдағы 5 жылда 873 жаңа вагон сатып алынбақ. Жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы вагондарға 1300-ден аса бейнебақылау камерасы орнатылған. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 125 вокзалға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның 21-ы танымал туристік бағыттарда орналасқан.
Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы:
-2029 жылға дейін теміржол желілерінің 11 мың шақырымын жөндеу жоспарланып отыр. Биыл 1,5 мыңға жуық шақырым жөнделеді. Одан бөлек, келесі айының ортасында Достық-Мойынты учаскесіндегі екінші жолда пойыз қозғалысын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 92% аяқталған.