Екі күнге созылған Астана халықаралық форумы өз жұмысын аяқтады. Әлем көз тіккен жиында елімізге ғана емес, төрткүл дүниеге маңызды мәселелер көтерілді. Халықаралық форум аясында Қазақстан Еуропамен байланысты нығайтып, Африка нарығына шығуды көздеп отыр.
Форумда бірнеше пленарлық сессия өтіп жатыр. Мысалы, Астана залында Транскаспий Халықаралық көлік жолы - орталық дәліздің әлеуеті туралы айтылды. «Яғни көне Жібек жолын тиімді пайдалану керек», - дейді қатысушылар. Ал ол үшін өңіраралық сауда және ынтымақтастыққа аса мән беруіміз керек деген шешімге келді.
Осыдан үш жыл бұрын Шығыстан Еуропаға 800 мың тонна жүк өтсе, бүгінде бұл көрсеткіш 4,5 млн тоннаға жеткен. «Ал 2029 жылға дейін әлеуетті 10 есеге арттырамыз», - деді министр Марат Қарабаев. Ал отандық кәсіпкерлер 1,4 млрд халқы бар Африка нарығына шығуды көздеп отыр Екі тарап арасындағы тауар айналым 1 млрд АҚШ доллары көлемінде. Ал алдағы бес жылдықта кемі 10 млрд-қа жеткізу ниетіміз бар.
Әлібек Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
-Мысалы, біз стальдан жасалған өнімдерді жасап жатырмыз. Содан кейін машиналар жасап жатырмыз. ІТ технологиялар, электрондық үкімет деген өнімдер бар. Оның барлығын дамытып жатырмыз және де оны экспорттауға біз дайынбыз және экспорттап жатырмыз.
Астана халықаралық форумына әлімнің түкпір-түкпірінен 600-ден астам делегат қатысып отыр. Панельдік сессияларда жаһандық мәселелер, атап айтқанда – климаттың өзгеруінен бастап, азық-түлік тауарларының қауіпсіздігі, шиеленістердің тоқтауы, көпжақты қарым-қатынастарды нығайту жүйесі мен БҰҰ-жүйесін реформалау мәселелері сөз болды.
Стивен О'малли, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі М.А.:
-Бұл форум - жоғарғы деңгейдегі басқосу ғана емес, үкімет, жеке сектор, үкіметтік емес ұйымдарды қоса алғанда, қоғамның әр алуан топтарын өзара біріктіретін бірден-бір алаң. Көшбасшылар жиналған алаңда әсіресе, климаттың өзгеруі сынды, көмірсутекті бейтараптандыру секілді проблемалардың айтылуы өте маңызды.
Форумға қатысушылар Қазақстан мен Орта Азия елдерінің экономикалық даму қарқынын ерекше атап өтті. Сондықтан біз секілді тұрақты елдермен әріптес болуға ниетті.
Федерико Макки, Италиялық speri Kazakhstan архитектуралық-инжинирингтік компаниясының бас архитекторы:
-Қазақстанда біз құрылыс, энергетика және урбанистика саласында жаңартылатын технологиялармен айналысатын ірі компаниялармен ынтымақтастық орнаттық. Біз қаланың келбетін жақсарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Басты назарды smart city технологияларына аударамыз. Қазір Азия Даму банкімен бірлесе отырып аурухана құрылысын жүргізіп жатырмыз. Ал жекеменшік секторда тарихи ескі нысандарды қалпына келтіру жобасына қатысып отырмыз.
Төрткүл дүниенің назарын аудартқан форумда жаһан үшін маңызды кездесулер көп болды.
Алуа Маханбет, Мұхамметәлі Тілдабаев