Ақмола облысында бірнеше елді мекен тұрғындары көктемгі су тасқынынан кейін жол қатынасы қиындағанын айтады. Әсіресе, Көркем, Полтавское және Буревестник ауылдарына апаратын жол сәуірден бері су астында тұр. Тұрғындар азық-түлік пен өзге де қажеттілігі үшін Астанаға айналма жолдармен қатынауға мәжбүр. Ал мәселенің қашан шешілері әзір белгісіз.
Су астында қалған жолды ауылдықтар жиі келіп қарайтын болған. Қолдарына таяқ алып деңгейін өлшеп тұрады. Ал бұл жол Көркем, Полтавское және Буревестник ауылдары үшін басты бағыт.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
-Аудандық маңызға ие бұл көтерме жол 1970 жылдары салынған. Соңғы рет осыдан бес жыл бұрын күрделі жөндеуден өтіпті. Қазір 5 шақырымы су астында тұр. Салдарынан осы жолдың бойындағы үш ауыл арғы бетте қалып қойған.Сәуірде жолдың бір бөлігін су басқан. Содан бері ауылдықтар аудан орталығы мен Астанаға бару үшін жүздеген шақырым жолды айналып өтуге мәжбүр. Мәселен, Көркем елді мекені мен елорданың арасындағы 150 шақырымды бұрын тұрғындар 2 сағат көлемінде жүріп өтсе, қазір екі есе көп уақытта өтеді. Ал төңіректе егіс алқабы бар. Жаңбыр жауса, көлікпен жүру мүлде мүмкін емес.
Сайлаубек Нұрмағамбетов, Көркем ауылының тұрғыны:
-Бұл жол бізге өте керек жол. Өйткені бұлсыз біз ешқайда шыға алмаспыз. Мынау Шұбаркөлден көмір тасиды, бізде газ ештеңе жоқ қой, не Жалтырдан көмір аламыз. Сол үшін керек. Әрі балалар оқуға барады Астанаға, соған да керек.
Өміржан Байділдин, Көркем ауылының тұрғыны:
-Қорғалжың жақпен кіруге болады. Ол жақтың да жолы нашар. Езіліп кеткен, тас, шұңқыр-шұңқыр, жүре алмайды. Ауылда біреу ауырып қалса да, шығу қиын болып жатыр. Осы жолды тезірек оңдап берсе деген үміттеміз.
Бұл судың қайдан келгенін ешкім түсінбей дал. Тұрғындар көктемгі тасқын кезіндегі судың жерге сіңіп кететін уақыты болды дейді.
Сағадат Жүсіпов, Көркем ауылының тұрғыны:
- Ауылды қоршап тұрған 5 көл бар ғой. Осы Әупілдек пен Алакөл бірінші рет қосылып тұр да, Шаңдыкөл арқылы келді дейміз мына жақтан, біреуіміз Ишимнің артық сулары келді ме деп ойлаймыз не болмаса қардың суы ма деп ойлаймыз. Бірақ қардың суы деп айтатын болсақ, ол 64 жылдың ішінде бірінші рет мұндай болып тұрған. Бұдан да көп қарлар болды ғой, бірақ мұндай екі көлдің қосылғанын біз көрген жоқпыз.
Егіндікөл аудандық әкімдігінің қызметкерлері де осы жағдайға алаңдап отыр. Себебі сәуірде келген су небәрі 50 сантиметрге тартылған. Сондықтан көтерме жолды биіктетіп, қатынасты қалыпқа келтіру үшін құны 1 млрд 200 млн теңге болатын сметалық құжат дайындалған. Қаражат облыс бюджетінен бөлінбесе, ауданда онда қаржы жоғын айтады. Бірақ алдымен мәслихат сессиясында қаралуы тиіс. Оған дейін су саласының мамандарын шақыртып отыр.
Марат Қарабұзауов, Егіндікөл аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
-Қазір біз гидрогеология институтымен сөйлестік. Олар өкілдерін жібереді, бәрін анықтайды, тексереді. Содан кейін бізге шешім шығарады. Сосын келгеннен кейін олар «осылай, осылай жұмыс істейміз, келісімшартқа отырамыз» деп бүкіл жұмысты істеп береді. Олар ең бірінші анықтап, сосын анализ береді ғой. Не үшін? Қайдан шыққаны? Сосын нәтижесін бізге айтады.
Бұл мәселеге қатысты мамандар осы маусымда шешім қабылдайды. Әзірге жауаптылар тұрғындардың қатынауы үшін тиімді деген басқа бағытты дайындаймыз деп уәде берді.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбаев