Субсидия мәселесі шешіле ме?

  • 128
  • 02.06.2025, 18:43

Ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің бұрын ала алмай қалған субсидиясы келесі айдан бастап төленуі мүмкін. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мәжілісмендердің сұрағына жауап беру кезінде мәлімдеді. Бірақ кімдер және қанша көлемде алатынын нақты айта алмады. Бұл мәселені Үкімет сағатында депутат Жигули Дайрабаев көтерді. Оның сөзінше, шаруалар Үкіметтен 201 млрд теңге субсидиясын ала алмай отыр. Айта кетейік, диқандар былтыр өнімді межеленген жоспардан артық жинады. Алайда билік уәде етілген субсидияны толық төлей алмады. Сол кезде қалған берешек 2025 жылы өтеледі делінген. Бірақ әлі күнге нақты шешім жоқ.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Шілде айында біз қарызды жаймен төлеуді бастаймыз. Қалғаны бюджеттің кірістеріне байланысты қалай болатыны. Себебі биыл бюджеттік процес өте қиын. Кірістер 15 трлн 750 млрд. Шығыстар 25 трлн 750 млрд. Айырмашылығ 10 трлн. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесінде ауылшаруашылық бірінші орында.  

Бүгін Мәжілісте негізінен жалпы сипаттағы трансферттерді айқындаудың жаңа тәсілдері талқыланды. Қазір еліміз бойынша үш өңір ғана донор. Табысы өзінен артылып отырған ол - Атырау облысы, Астана және Алматы қалалары. Қалған аймақтар жобаларын республикалық бюджет есебінен іске асыруда. Оларды қаржыландыру соңғы он жылда бес есеге артыпты. Мәселен, 2014 жылы 978 млрд теңге бөлінсе, былтыр 5 трлн теңгеден асыпты. Депутаттардың пікірінше, мұндай қолдауды алу үшін кей өңірлер табысын әдейі төмен қылып көрсетеді. Сондықтан бақылауды күшейтіп, бөлінген қаржының игерілуін цифрландыру ұсынылды. Сосын қаржы әкімдерінің беделіне қарап бөлінеді деген күдік бар. Облыстар арасында теңгерімділік жоқ. 

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

-  Дегенмен өңірлерді инфрақұрылым және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі әртүрлі, яғни теңестіру болмай отыр. Бүгінгі таңда Қазақстан өңірлері арасында өмір сапасындағы айырмашылықтар әлі де үлкен. Кей өңірлерде заманауи мектептер, жарықтандырылған көшелер, қолжетімді медицина. Басқаларында тозған коммуникациялар және қарапайым әлеуметтік қызметтерге жетпеушілігі.