Елімізде жаңа отандық ғарыш айлағы пайдалануға беріледі. «Бәйтерек» кешенінен жыл соңында алғашқы әуе кемесі космосқа аттанады. Бұл ғарыш саласын игерудегі Қазақстанның қол жеткізген табыстарының бірі. Келер жылы Адамзаттың ғарышқа ұшқанына 65 жыл толса, биыл «Байқоңыр» ғарыш айлағына 70 жыл. Қазіргі уақытта елімізде 5 ғарыш аппараты бар. Олардың көмегімен спутниктік байланыс орнап, бірнеше салаға мониторинг жасалып келеді. Бүгінде осы ғарыш аппараттарын жаңарту жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ Астанадағы зауытта 5 спутникті жасау жұмыстары басталды. Оның үшеуі мемлекеттік тапсырыспен болса, екеуі экспорттық шарттармен жасалады. Яғни өзге елдер өздеріне керек ғарыш аппараттарын жасауға бізге тапсырыс беріп отыр. Бұл еліміз үшін үлкен жетістік.
Баубек Оралмағамбетов, ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы:
-Байқоңыр – ол тек Қазақстанға ғана маңызды космодром емес, ол адамзатқа маңызды космодром. Қазіргі уақытта ұшырылымдардың азаюына байланысты Қазақстан-Ресей тарабымен бірге «Бәйтерек» жобасын жасап жатырмыз. Осы жылдың желтоқсанына бірінші ұшырылымды жоспарлап отырмыз. «Бәйтерек» ғарыш инфрақұрылымынан ұшырылатын «Союз-5» зымыран тасымалдағышы керосин оттегімен жұмыс жасайтын экологиялық таза зымыран тасығыш және ол нарықтағы көп сұраныстарды жаба алады.