Алматының қақ төрінде 70 жыл бұрын салынған екіқабатты үйлер бүгінде құлаудың аз-ақ алдында тұр. Қауіпті жағдайда күн кешіп жатқан тұрғындар әкімдікке қайта-қайта шағымданудан шаршаған. Қала бойынша дәл осындай тозығы жеткен 85 үй бар. Қалалық әкімдік «2030 жылға дейін бұл үйлердің барлығын сүріп, жаңасын саламыз» деп уәде еткен. Үміт ақтала ма?
Мына үй тіршілік үшін емес, төзім үшін тұрғандай. Қабырғасы қақыраған, ал төбесі құлауға шақ. Бірақ ішінде адамдар амалсыз тұрып жатыр. 1954 жылы қамыс пен ағаштан салынған бұл баспана қазір қызыл аймақта қалған. Яғни құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды. Ең үлкен қауіп қабырғада емес, сол қабырғаның ішінде күн кешіп жүрген адамдардың өмірінде.
Ақбаев көшесіндегі 60, 62 және 64-үйдің тұрғындары әр түнді үреймен өткізеді. Сырты тозып, шатыры шіріген, қабырғасы жарылған бұл үйлер жел мен жауынға төтеп бере алмай қалған. Қалалық мәслихат былтыр күзде 2030 жылға дейінгі жаңа Реновация бағдарламасын бекітті. Ол бойынша бұл нысандар сүрілуі тиіс. Бірақ тұрғындар 2016 жылдан бері шағымданып келе жатқандарын, алайда нақты нәтиже жоқ екенін айтады.
Анастасия Зубанова, қала тұрғыны:
-Біз қызыл аймақта қалып қойдық. 2030 жылға дейін бұл үйлер шыдай ма – белгісіз. Ең басты тілегіміз – жылы, жарық, жақсы аудандағы пәтерге көшу.
Тұрғындар жыл сайын ескі үйлердің әр жерін бір жамап-жасқап отырады. Күрделі жөндеуге шамалары жетпейді.
Камиль Сакаев, қала тұрғыны:
-Бұл үйдің жөндеу жұмыстарына көп қаражат салудың мәні жоқ деп ойлаймын. Себебі бүкіл шатырды толық ауыстыру керек. Жалпы алғанда, мұнда қазір тұрудың өзі қауіпті.
Сондықтан реновация бағдарламасы – осы үш үйдің тұрғындары үшін соңғы үміт шамы. Себебі қызыл жолақта қалып қойған мұндай ескі ғимараттар инвесторларға қызық емес. Оларды қала бюджеті есебінен тек әкімдік қана сатып алады.
Рустам Шаинов, күрделі құрылыс кәсіпорны ренновация департаментінің директоры міндетін атқарушы:
-Мұндай үйлердің тізімін бізге «Алматы бас жоспары» мекемесі ұсынды. Яғни олардың апатты үйлерді анықтауға арналған өз процедуралары бар. Бұл қызыл жолаққа кіретін, жол өтетін және көгалдандыру жұмыстары жоспарланған аймақтар. Біз сол мекеменің берген тізімі негізінде жұмыс істеп жатырмыз.
Күрделі құрылыс кәсіпорнының қызметкері қызыл жолақта қалған үйлердің тізімі жасалып әкімдікке жөнелтілгенін айтты. «Енді қаулыға қол қою қалды», – дейді. Ал әкімдік өкілдері көптен күткен құжатқа жуырда қол қойылып, үш үйдің мәселесі шешілетініне сендірді.
Алуа Ералықызы, Валентин Лобанов