Түркістан облысында қазылған орға түскен жәндіктер қырылып жатыр

  • 184
  • 02.06.2025, 18:59

Түркістан облысында жер қору үшін қазылған орға түскен жәндіктер қырылып жатыр. Экобелсенділер мен мемлекеттік орган өкілдері жыл басынан бері оның 67 шақырымын қайта көмген. Дегенмен қауіп әлі де сейілген жоқ дейді. Өңірде ұзындығы 200 шақырымға жуық траншеяның ашық жатқанын спутниктен түсірілген суреттер дәлелдеп отыр. 

Ордабасы ауданындағы бұл траншея жақында ғана қайта көмілді. Себебі тік қазылған терең орға түскен жәндік бұл жерден өздігінен шыға алмайды. 

Юлия Цаугг,  «TASBAQA» табиғатты қорғау қорының жетекшісі :

-Біз 10 мамырда 4 шақырым 630 метр траншеяны тексеріп шықтық. Әбден әлсіреп қалған 140 жәндікті құтқарып қалдық. Тағы 11-і өлі күйінде табылды. 

Жер қору үшін қазылған мұндай ор облыстың барлық өңірінде кездеседі.  Биыл 70 шақырымға жуық траншея толтырылды. «Осының өзі біз үшін үлкен жеңіс»,дейді белсенділер. Бірақ спутниктен түсірілген суреттер әлі де шамамен 200 шақырым қазылған жер бар екенін көрсетті. 

Заир Үстенов, облыстың орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

-Қазылған орлар бұлардың тереңдіктеріне байланысты жануарлардың ішінде кейбір ерте көктемде шығатын тасбақа жәндіктеріне кішкене қауіп төнеді. Өйткені олар ол жерден шығып кете алмайды. Өйткені тереңдігі 2 метр.  Еріктілермен және «Тасбақа» ұйымының азаматшаларымен бірге бірталай жұмыс жасалды.  

Шаруашылықтар орды өзінің егістік жерлері мен жайылымын қорғау үшін қазады. «Әрине оған заң жүзінде жауапкершілік қарастырылғанын көбі біле бермейді», дейді жер ресурстарын басқару департаменті мамандары. 

Тәңірберген Оразалиев , облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің бас маманы:

- Заңды тұлға болса, 100% болғанда 700 МРП салынады. Бұл жерде шамамен 2 млн 700 мың теңгедей айыппұл салынады. Ордабасы ауданына тоқталып кетсем, бұл жерде 2 заңбұзушылық болған. Біреуі заңды тұлға, екіншісі жеке тұлға болған. Екеуіне де департамент тарапынан тексеру жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталып нұсқама берілген. Сол нұсқаманың негізінен штраф салынған. 

Белсенділер бұл ор қазғанда обалды ойламайтындарға қарсы жасалған жұмыстың басы ғана дейді. Траншеялар қайта пайда болмас үшін алдағы уақытта қатаң бақылауда ұстайтындарын айтады. Ол үшін шаруашылық иелеріне жерді қорғаудың өзге де жолдарын қарастыру қажеттігін түсіндіруде.