Алматыдағы құстардың саны күрт азайды

  • 200
  • 03.06.2025, 18:49

Алматыда құстардың түрлері үш есе азайған. Мәселен, өткен ғасырдың 70-ші жылдары қалада қанаттылардың 60-қа жуық түрі болса, қазір бар болғаны 20-шақты құс түрін кездестіруге болады, - дейді орнитологтар. Тіпті қараторғай мен қарлығаштардың өзі қазір сирек кездеседі. Қанаттылардың түрлері неге азайып кетті?

Қанаттылардың азайғанын орнитологтар ғана емес, қарапайым қала тұрғындары да байқапты. Күнделікті серуенде құстардың тіршілігін сырттай бақылау өте қызық, - дейді тұрғындар. Алайда табиғаттың ерекше жаратылысы адамдардан алыстап барады.

Блиц-сауалнама:

- Қазіргі күні байқағаным, Алматыда торғайлар азайып кетті де, афган майнасы көбейіп, қаптап жатыр. Көгершіндер және жабайы көгершіндер бар.

- Көп құстарды көре бермейміз. Қазіргі таңда тек торғай деген сияқты, кептер негізгі сол құстарды ғана көріп жатырмыз.

- Байқаймыз, тауда байқаймыз, ал басқа жерде жоқ.

Ғалымдардың айтуынша, 40 жыл бұрын Алматыны қарлығаш, қараторғай, бұлбұл, шымшық сияқты құстар мекендеген. Себебі ағаш-бұталар көп, әрі қорегін тауып жейтін ашық жерлер де бар еді. Қазір бұл құс түрлері өте сирек кездеседі. Олардың азаюына қаладағы жасанды көгалдар, ағаштардың сиреп, жоғары кернеулі желілердің көбеюі себеп болып отыр. 

Павел Аджигильдяев, Қазақстандағы құстарды есепке алу жобасының ұйымдастырушысы:

- Ең басты себеп — тіршілік ету ортасының бұзылуы мен жойылуы. Мысалы, адамдар шөптерді түбіне дейін шауып тастайды. Ондай көгалдарда жәндіктер өмір сүре алмайды, ал құстарға қорек табылмай қалады. Мысалы, жағалауларды таспен немесе плитамен жауып тастайды. Бұл да құстардың қорегін азайтады.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

-  Мына біз тұрған Тұңғыш Президент паркі көлемі бойынша қаладағы ең ірі саябақтардың бірі. Тұрғындардың серуендейтін сүйікті орны. Жасыл желектің көптігіне қарамастан, өкінішке қарай бұл жерден табиғаттың бір бөлшегі құстарды кездестіру қиын. Осы жерде жүрген бір сағатта  қалалықтарға жақсы таныс майна, яғни үнді қараторғайы мен бірен-саран кептерді кездестірдік.

Қалада мегаполистің қатаң тіршілігіне төзімді құс түрлері ғана қалған. Олар торғай тұқымдасына жататын, даусы ащы майна және үйреншікті кептерлер. Бұл құстардың да табиғатта өз орны бар, - дейді орнитолог мамандар. Себебі қанаттылар қоршаған ортаның жағдайын көрсететін нағыз индикатор.

Сергей Скляренко, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым бойынша директоры:

- Азайып кеткен кәдімгі торғайлар – бос жатқан жерлерде өсетін дәнді дақылдардың тұқымымен қоректенеді. Ал балапандары үшін жәндіктерді жинайды. Яғни олар да жасыл желектерді зиянкестерден қорғайды. Ал қарлығаштар ұшатын жәндіктермен қоректенеді. Олар масалар мен шыбындарды пайдаланады. Шымшықтар ағаштардағы жәндіктерді, зиянды құрттарды жейді.

Азайған құстарды қайта жерсіндіру үшін жасыл желектердің түрін өзгертсе жеткілікті, - дейді мамандар. Бұл қосымша шығынды да талап етпейді. Ең бастысы, қалада құстар паналайтын  ағаштар мен бұталарды отырғызу қажет. Сондай-ақ күзде түскен жапырақтарды толығымен жинап тастамай, олардың қорегін тауып жеуіне мүмкіндік жасау керек. Осындай қарапайым қадамдар көз қуантатын қанатталардың қаламызға қайта оралуына септігін тигізбек.

Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев