Ақтөбеде жүн өңдеу зауыты іске қосылады

  • 135
  • 04.06.2025, 18:41

Отандық өндірісте кенжелеп қалған саланың бірі – өңдеу өнеркәсібі.

Ақтөбедегі шаруалар енді малдың жүнін текке тастамайтын болды. Өңірде жүн өңдеу зауыты жұмыс істейді. Қазір өндіріс орнында қажетті құрал-жабдық орнатылып жатыр. Кәсіпорын тамыз айында іске қосылуға тиіс. Бұл ауыл шаруашылығындағы жылдар бойы қордаланған мәселені шешеді.

Мамандардың айтуынша, Ақтөбе облысында жылына шамамен 3,5 мың тонна қой жүні қырқылады. Шаруалар сұраныс болмаған соң шикізатты өртеп, не қоқысқа тастауға мәжбүр еді. Жаңа өндіріс орны оны түгел өңдеп, 2 мың 600 тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Жобаның инвестициялық құны 5 млрд теңге шамасында. Құрылыс материалын өндіретін зауытта 40 адам еңбек етеді. 

Ерлан Жаңабергенов, зауыт директоры:

- Бұл құрылысқа арналған панельдер. Қазір нарықта жасанды жолмен өндірілетін түрлері қолданылады. Біздің өнім табиғи шикізаттан жасалады. Ешқандай химиялық қоспасы жоқ. Шикізатты Ақтөбе облысымен қатар еліміздің өзге де өңірлерінен жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде Солтүстік Қазақстаннан, Шығыс және Оңтүстік Қазақстаннан ұсыныстар көптеп түсуде.