Ұйымдастырушылар қала жастарының рухын оятып, салт-дәстүрді насихаттауды мақсат еткен. Орталыққа келушілер бүркіт салу, тазы баптау, садақ тартуды үйренеді. Тоғызқұмалақ пен асық атуды меңгереді.
Этномәдени орталық «Қыран» ұлттық аңшылық федерациясының қолдауымен ашылды. «Мақсатымыз – ел болашағы жастарымыздың тамырынан ажырап қалмауына ықпал ету, - дейді белгілі журналист-этнограф Бағдат Мүптекеқызы. Тұрмыс ыңғайына қарай қала баласының аңшылық өнерден алшақтап кеткені рас. Сондықтан мұнда ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтар дәріптелмек. Орталық балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің де рухани дамуына атсалыспақ.
Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» федерациясы ҚҚ атқарушы директоры:
- Қазақтың бүкіл тарихы, мәдениеті, қазақтың ұлттық рухы бәрі осы аңшылықтың ішінде жатыр. Басты мақсатымыз – «Киіз үйдегі кездесу» деген алдымызға үлкен жоба қойып отырмыз. Қазақтың өнеріне, мәдениетіне еңбегі сіңген үлкен қайраткерлер осы халықтың рухани қазынасына жұмыс істеп жүрген біздің қайраткерлерімізді шақырып, жастармен кездесу ұйымдастыру.
Орталықтың ашылуында садақшы, сұрмерген Жұмағазы Тұрсынұлы тәжірибесімен бөлісті. Ол Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында төреші болды. Мергеннің бүгінде 11 шәкірті спорт шеберлігіне үміткер. Дәлдікке, зейінді бір жерге шоғырландыруға үйрететін садақ ату спортына келуіме «Қыз Жібек» фильмі әсер етті, - дейді ол.
Жұмағазы Тұрсынұлы, садақ атудан ҚР спорт шебері:
- Балалық шағым. 6–7-сыныпта оқимын. Ауылымызға «Қыз Жібек» киносы келеді. Таңертең тұра салып, әкеме айтамын: «Бекежан деген сұмырай Төлегенді атты». Ол: «Төлегенді атқан Бекежан көрші ауылда жүр. Күшті болсаң, барып ат», – деді. Содан даладан талды қиып, садақ атып, сөйтіп осы садаққа келгенім бар.
Меймандар тазыны жетектеп, бүркітті қолына қондырып көрді. Сондай-ақ ұлттық қару-жарақ жасаудың шебері Махмұт Жетенұлының ұсталық өнерін тамашалады. Этномәдени орталық елімізге келген туристердің де назарын аудартаныны сөзсіз.
Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев