Атырау облысында қарақұрт қаптады

  • 142
  • 04.06.2025, 18:46

Атырау облысының Индер, Махамбет аудандарында тағы да қарақұрт қаптады.

Улы жәндік ауылдық округтердің жайылымдық жерлерін жайлап алған. Былтыр улы жәндіктен 13 адам зардап шегіп, 90 түйе шығын болған еді. Келеңсіз жағдай биыл да қайталанып отыр. Бір таңқаларлығы, қарақұртқа қарсы шаралар мемлекеттік реестерге енбегендіктен, медициналық бақылау, зиянкестерді улау жұмыстары әлі жүргізілмей келеді. Өйткені қарақұртты жоюға бюджеттен қаржы бөлінбейді.

Жаз басталғалы қарақұрт уынан төрт түлік аман. Алайда таяуда Махамбет ауданында 40 жастағы азаматты шағып, ауруханаға түскен. Науқасқа шұғыл көмек көрсеткеннің арқасында ғана аман қалды. 

Қайырлы Шәмшиденов, Өрлік ауылының тұрғыны: 

- Қарақұрттың көбейіп кеткеніне ештеңе істей алмай отырмыз. Жердің жағдайы мынау. Әкімдік ештеңе айтпайды. Былтыр да айттық, алдыңғы жылы да айттық. 5 жылдай болды. Жылда түйе өлтіреміз. Екеуден, үшеуден өліп жатыр. Шарбақтағы ботаның өзін шағып, система салып алып қалып жатырмыз.

Ақмарал Досымбаева, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы: 

- Оның шағуынан болатын өлім химиялық уланудың салдарынан болады. Сондықтан бұл фактілер оларды тіркеу, медициналық бақылау, індетке қарсы шаралар біздің тұрғыдан жүргізілмейді.