Мемлекеттік рәміздер күні ел көлемінде кеңінен аталып өтті. Өңір жаңалықтары

  • 132
  • 04.06.2025, 18:42

Рәміздер күніне арналған рухты асқақтататын шаралар еліміздің өзге өңірлерінде де ұйымдастырылды. Халық рәміздер алаңына жиналып, Әнұранымыз орындалды. Көк туымыз желбіреп, патриоттар шеруі өтті. Солардың бірқатарына шолу жасайық.

Алматылықтар Мемлекеттік рәміздер күнін Алатау бөктерінде атап өтті. «Медеу» мұз айдынында қаладағы ең үлкен ту желбіреп тұр. Байрақтың көлемі 100 шаршы метр. Оның осы жерге орнатылуы тегін емес. Себебі бұл жерге Қазақстанның басқа облыстары мен шетелден туристер көп келеді. Қала жұртшылығы көк Туды тұғырына көтеріп, Әнұранды шырқады. Патриоттық шараға мыңнан аса адам жиналды.

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық артисі: 

- Құрметті қазақстандықтар, қадірменді қауым. Ерекше мемлекеттік мереке – ол мемлекетіміздің рәміздер күні. Рәміз дегеніміз – ол біздің Елтаңбамыз, ол – біздің Әнұранымыз, ол – көк Туымыздың желбіреген бейнесі.

Ермахан Ыбрайымов, Сидней Олимпиадасының чемпионы:

- Енді өздеріңізге белгілі көк туды желбіреткен адамға ерекше сезім береді. Патриоттық сезіміміз оянады. Елге деген сүйіспеншілік оянады. Осының бәрі біздерге күш-қуат беріп, патриоттық сезімді оятады. Сондықтан ту көтеріле берсін.

«Менің туым» патриоттар шеруі өтті

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Талдықорғанда «Менің туым» патриоттар шеруі өтті. Ұлттық рухты асқақтатқан шараға әскерилер, еріктілер, спорт және мәдениет қызметкерлері мен ардагерлер қатысты. 12 метрлік туды ұстаған көпшілік «Жастар» саябағынан бастап қала көшелермен жүріп өтті. Шара орталық алаңдағы «Көк тудың желбірегені» патриоттық акциясына ұласты.     

Ермек Келемсейіт, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Жас болсын, кәрі болсын, осы мерекеде өзеріне өздері есеп берсін. Мен осындай мемлекеттің ұланы екенмін ғой. Осындай жағдаймен келген екен ғой. Рәміздердің көрсетілген дүниенің бәрінде арғы жағында үлкен тарих жатыр екен ғой. Еліміздің жеріміздің деп соны түсінетін деңгейде болу керек

Аяулым Ақмолдаева, оқушы:

- Бұл ҚР азаматы мен азаматшасы болғаннан кейін бұл мереке бізге аса маңызды болып келеді. Яғни осы мерекеде патриоттық өлеңдер, әндер шырқалды. Біз соларға қарап өзіміздің патриоттық сезімізді күшейте алдық.

26 рәміздер алаңы бар

Түркістанда да рәміздер күніне орай Ту көтеру рәсімі өтті. Мерекелік іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, зиялы қауым өкілдері, белгілі спортшылар мен белсенді жастар қатысты. Әнұранымыз шырқалып, көк байрағымыз көкке көтерілді. 

Оспанғазы Жанқожаев, облыстық Ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Мемлекеттік рәміз дегеніміз – ол біздің шекарамыз, ол – елдігіміз, еліміздің бейбіт аспан астында өмір сүруі мен салт-дәстүріміздің көрінісі. Соның барлығын насихаттап көрсететін, елдігімізді танытатын – ол біздің рәміздеріміз. Соған қарап біздің еліміздің кім екенін бүкіл дүниежүзі таниды. Мейрам құтты болсын.

Айта кетейік, Түркістан облысы аумағында 26 рәміздер алаңы бар. Биыл тағы екеуі іске қосылады деп жоспарланып отыр. 

Ердәулет Ыбырайұлы