Рәміздердің әрбір сызбасында терең мағына бар – авторлар

  • 129
  • 04.06.2025, 18:37

Мемлекеттің басты нышандарының тарихы тереңде жатыр. Оның әрбір сызбасында үлкен ой мен пәлсапа бар, - дейді авторлар. 

Мынау Елтаңбамыздың алғашқы сызбасы. 1992 жылғы рәміздер байқауында дәл осы нұсқа жеңіске жетіп, көпшіліктің көңілінен шықты. Оның авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Мемлекеттің басты белгілерінің алғашқы нұсқалары көзіміздің қарашығындай Президент архивінде сақтаулы. Елтаңбаның әрбір деталі еліміздің өткені, бүгіні мен келешегі жайлы сыр шертеді. Ал негізгі идея қазақтың қара шаңырағы киіз үй болды, - дейді сәулетші.

Жандарбек Мәлібеков, Елтаңба авторы, сәулетші: 

- Сен өз отауыңды тіктің деген сөз — өзінше мемлекет болдың. Өз отауыңды тіктің. Сонда біздің киіз үйіміз әр уақытта тұрады. Киіз үйдің өсіп-өркендеуі үшін не береді? Бата береді. Киіз үйдің шаңырағы кең болсын, керегең берік болсын. Іші толған жан болсын! Бақытты болсын деген сөздер айталады ғой. Соның ішінде босағаң берік болсын деген сөз бар.

Мемлекеттік тудың авторы – суретші Шәкен Ниязбеков. Көк түсті ту — бейбіт аспан мен тұрақтылықтың белгісі болса, алтын күн — өмір мен молшылықтың нышаны. Күн астында қалықтаған қыран – еркіндіктің, қырағылық пен биік мұраттың символы. Ұлттық өрнек – қазақ халқының бай мәдениетінің көрінісі. 

Алуа Маханбет, тілші:

- Астана қаласындағы еліміздің бас туы — Қазақстанның ең үлкен мемлекеттік рәміздерінің бірі. Көлемі 450 шаршы метр. Ұзындығы - 30, ені 15 метр. Яғни салмағы да ауыр. Құрғақ күйінде 70–90 кг, ал жауын-шашыннан кейін 100 келіге дейін жетеді екен. Тутұғырдың биіктігі - 111 метр. Аталған ту елорданың кез келген нүктесінен көрінеді. Себебі бұл ел бірлігі мен тәуелсіздігінің символы. 

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Соңғы нұсқада Шәмші Қалдаяқовтың 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған, халықтың арасында кеңінен танымал болған «Менің Қазақстаным» патриоттық әні салтанатты ән ретінде таңдалды.

Кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі мемлекеттік рәміздер. Мемлекеттік символдардың іріктелуі мен байқаудың адал өтуіне себепкер болғандардың бірі рәмізтанушы Ербол Шәймерденұлы.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Сонда осылардың бәрін әзірлеу, тиянақтау, түскен жобаларды қарап, салыстырып шығып, әрі қарай конкурстың ашық, дұрыс жүруіне түгел атсалысқан азаматтардың бірі — Ербол Шаймерденұлы. Ол мемлекеттік рәміздерді қалыптастыруға және рәміздер тарихын, геральдика мәселелерін ілім ретінде зерттеп, зерделеген, бірнеше кітап шығарған танымал тұлға.

1992 жылы 4 маусымда елдігімізді айқындайтын 3 заң қабылданды. Олар: «Мемлекеттік ту туралы», «Мемлекеттік әнұран туралы» және «Мемлекеттік елтаңба туралы» заң. Ал араға 15 жыл салып дәл осы күні еліміздің «Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңы бекітілді. Демек еліміздің басты нышандарын құрметтеу Ата заңымызда көрсетілген. 

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Рәміздерімізді қорғау, құрметтеу тек қана заң жүзінде, қағаз жүзінде немесе экрандардан айтылатын сөз жүзінде емес. Біз күнделікті өмірімізде әрбір қазақстандықпын деп ойлайтын азаматтардың негізгі парызы деп ойлаймын.

Алуа Маханбет, Самат Сүлеймен, Болотбек Табылдиев