Сенатта «Аумақтық қорғаныс туралы» заң жобасы мақұлданды

  • 130
  • 05.06.2025, 18:34

Төтенше жағдай кезінде орталық және жергілікті органдар мен өзге де ұйымдардың атқаратын жұмыстары нақтыланды. Бүгін Сенатта «Аумақтық қорғаныс туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл салада енді «ерікті» және «өзін-өзі қорғауды қалыптастыру» ұғымдары енгізіліп отыр. Демек төтенше жағдайлар қызметіндегілермен бірге жұмыс істегісі келетіндерді оқыту және дайындау жұмыстары жүргізіледі.  

Аумақтық қорғаныс жүйесі Қазақстанда 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде елдің 20 өңірінде жасақтар бар. Ал Сенатта қаралған заң жобасы оның тиімділігін арттыруға және төтенше жағдайларда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Асқар Жоламанов, ҚР Қорғаныс министрлігі аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы:

-Қазір аз сан мөлшерінде аумақтық әскерлер бар. Ал егер бірде-бір төтенше жағдайда немесе қиын жағдай туғанда олар арнайы жұмылдыру арқылы көбеюі мүмкін. Мысал келтірсек, былтыр батыс өңірлерде, солтүстік өңірлерде су тасқыны болды. Сол кезде жергілікті атқарушы органдардың күші жетпеген кезде, осы аумақтық әскерлердің бәрі жұмылдырылды. 

Депутаттардың әскерилерге әзірлеген сұрағы аз болмады. Кейбір заңнамалық актілерге аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі де қаралды. Белгілі болғандай, екі құжат жүйе жұмысына арналған нормативтік база қалыптастыруды көздейді. Олар Президенттің, Үкімет пен бірқатар министрліктің өкілеттіктерін бекітеді.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Көлік министрлгі заңда өзіне жүктелген міндеттерді орындауға дайындығы қандай деңгейде? Екіншіден бұл іс-шараларға нақты қаржыландыру көзделіп отыр ма?

Сәтжан Абдалиев, ҚР Көлік вице-министрі:

-Аталған заңда көлік инфрақұрылымын бүркемелеу бойынша функция беріліп отыр. Оны қаржыландыру жолдарын Үкіметтің қаулысымен әрі қарай шешілетін болады. 

Енді бұл салада «ерікті», «өзін-өзі қорғауды қалыптастыру» деген ұғымдары пайда болады.

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Еріктілерді және осыған қатысатын азаматтарды оқыту, дайындау шараларын сол жергілікті атқарушы органдар жүргізетін болады. Бұл жерде 20 өңірде арнайы бөлімдер ашылады. Сол жерде оқыту жұмыстары жүргізіледі. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Арнайы жаңа заң аясында аумақтық қорғаныстың мақсаты мен міндеттері, сондай-ақ қағидаттары мен іс-шаралары айқындалды. Сонымен қатар жауапты барлық тараптың міндеттері мен құзыреттері белгіленді. Саланы мемлекеттік бақылау жүйесі де жан-жақты реттеліп отыр. Бұл заңдар аумақтық қорғаныс жүйесінің әлеуетін күшейтуге және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз.

Сенаторлар бұл заңдардың ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде маңызды екенін атап өтті.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейменов