Батыс Қазақстан облысының Теректі ауылы екі аптадан бері ауызсусыз отыр. «Берілген күннің өзінде сапасы сын көтермейді»,– дейді жергілікті тұрғындар. Қазір олар тіршілік нәрін дүкеннен сатып алып ішуге мәжбүр. Аудан орталығындағы ең өзекті мәселе қашан шешіледі?
Қазір Теректі ауылында 80 үй ауызсусыз отыр. Тұрғындар: «Жуынып-шайынуды айтпағанда, тамақ пісіруден қалдық», – дейді. Ал тасымалданатын тіршілік нәрін сағаттап күту керек.
Шәмшия Отарғалиева, Теректі ауылының тұрғыны:
-Үйде екі мүгедек жатыр. Маған су керек. Жуындыру керек. Молодежный 10-ға мүлде келмейді. Енді суды үнемі барып сатып аламын. Әрдайым сатып алатын жағдайым жоқ. Масқара ғой мынау. Су жоқ деген райцентрде тұрамыз.
Коммуналдық компания қызметкерлері бұл жағдайды ескі сорғылармен байланыстырып отыр. Қазір 6 қондырғының үшеуі бітеліп қалған. Олар апта соңына дейін тазартылып іске қосылуы тиіс.
Руслан Ғалиев, коммуналдық кәсіпорынның директоры:
-Қазір аудан орталығына тәулігіне көп дегенде 500 текше метр су бере аламыз. Ал халықтың тұтыну көлемі одан да көп. Сондықтан кей көшелерге тіршілік нәрі жетпей қалады.
Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Мамандардың айтуынша, аудан орталығына жаңа сорғы станциясы керек. Ол бойынша жергілікті билік өкілдері тиісті жобалық-сметалық құжаттарын дайындап қойған.
Қайыржан Есетов, Теректі аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
-Бұл мәселе қоғамдық тыңдалымда қаралып, құжатқа өзгертулер енгізілді. Оның қорытындысы бойынша жоба құны қымбаттап кетті. Енді бұл сұрақты қоғамдық кеңеске шығарып, мемлекеттік сараптамаға жібереміз. Содан кейін барып бюджеттік өтінім жолданады.
«Жаңа сорғы станциясы аудан орталығындағы су мәселесін толық шешеді», – дейді мамандар. Биыл өңірде халықты таза ауызсумен қамту бойынша 15 жоба жүзеге асырылады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Альбина Құмарғалиева, Эльдар Аюпов