Алматыда AD-Tribune 2025 VII Орталық Азия жарнама және медиа конференциясы өтті

  • 124
  • 05.06.2025, 18:48

Жарнама нарығында телевизияның маңызы зор. Қазір интернет заманы дегенімен, халық телеарнада айтылған ақпаратқа көбірек сенеді. Жарнама да дәл солай. Сондықтан сенімді ақпарат құралы болып қала береді. Алматыда AD-Tribune 2025 жетінші Орталық Азия жарнама және медиа конференциясы өтті. 

Конференция үшінші жыл Digital, теледидар, радио, сыртқы жарнама, маркетинг саласының мамандарын бір алаңға тоғыстырды. Оған жетекші сарапшылар, телеарналар мен жарнама агенттіктерінің басшылары жиналып, медиа нарықтың ең өзекті мәселелерін талқылады. «Хабар» Агенттігінің» Басқарма төрағасы мен «Ұлттық медиа қауымдастықтың» басшысы Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, қазір интернет жылдам дамып жатқанымен, телеарна жүйелі ұйымдастырылған құрал ретінде жарнама берушілерді қызықтырып отыр.

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:

-Көптеген зерттеулердің нәтижесі телевидение медиа саласында 70% сенім тудыратын ресурс ретінде қабылданады. Біріншіден географиялық таралымымыз кең. Екіншіден жарнама берушілер жарнама беруші компниялардың айтуы бойыншаа телевидение арқылы эмоцияларды жақсы беруге болады. Содан кейін сапа тұрғысынан да телевидение жақсы қабылданады.Сосын сенім басқаларға қарағанда телевидениеде әлдеқайда үлкен.

Бұл пікірді сарапшы Гүлфайрус Ұзақ та қолдайды. Ол қазақтілді аудиторияның көбейгенін айтып отыр. Сондықтан, сұранысқа жауап беру үшін  контент сапалы болуы тиіс. Оның үстіне жарнама нарығына жасанды интеллект өзгеріс әкелді. 

Гүлфайрус Ұзақ, сарапшы:

-Жасанды интеллектіге дұрыс тапсырма беретін адам керек. Ол бәрібір адамның орнын басып шыға алмайды. Интернетте нақты өзінің пайдаланушысын табуы үшін жақсы құрал, сондай айырмашылығы бар. Дегенмен интернет қазір теледидарға қарағанда сұранысқа ие сияқты. Бірақ та теледидардың әлі күнге дейін орны бөлек және ол маңызды құралдардың бірі.

2022 жылдан бастап Қазақстанның жарнама нарығы тұрақты дамып келеді. Бірақ былтыр айтарлықтай өзгерді. Сарапшылар мұны геосаяси фактормен байланыстырады. Көптеген жарнама берушілер бюджетін қысқартқан. Біразы сандық панельге, электронды билборд сияқты инновациялық технологияға көшкен. 

Ильмұрат Жұмаев, Орталық Азия жарнама қауымдастығының төрағасы

-Өкінішке қарай биыл бірінші тоқсандағы тележарнама нарығы өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 3% төмендеді. Біз соның себебін анықтағымыз келеді. Бұл телеарнаны көрмейді дегенді білдірмейді. Телевизиялық контенттің рейтингі жоғары. Оны интернет сервистегі миллиондаған қаралымнан байқауға болады. 

Конференцияға қатысушылар теледидар мен радиодағы жарнаманың болашағын, сыртқы жарнама нарығының өзгеруін, сондай-ақ цифрлық жарнама саласындағы жаңалықтар мен трендтерді талқылады. Жаңа кейстер, тәсілдер мен құралдарды қарастырды. Жалпы бұл жиынға жарнама саласының 500-ге жуық маманы келді. Тағы 25 мыңға тарта адам онлайн қатысып, жарнама индустриясының қазіргі бағыт-бағдарын бірге бағамдады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев