Астанадағы автобус апаты барар жеріне қоғамдық көлікпен қатынайтын жолаушыларды ойландырып тастады. Кішкентай қыздың апаттан кейінгі ауыр халі де алаңдатты. Қоғамдық көліктің қауіпсіздігі қай деңгейде? Автобустардың жол-көлік оқиғасына түсуі неге жиілеп кетті?
№1 автобус паркі — қалада жолаушылар тасымалдаумен айналысатын ең үлкен мекеме. Жақында жол-көлік оқиғасына ұшыраған техниканың жүргізушісі осында қызмет еткен. Сол жағдайдан кейін мұндағы жұмыс тәртібі туралы білуге келген едік. Өзге автопарктегідей бұл жерде де жұмыс ерте басталады.
Азамат Мерекенов, жүргізуші:
- Біз таңғы сағат 4:00-те тұрып, осында келеміз. Алдымен диспетчер бөліміне өтіп, жолдама аламыз. Одан кейін медицина қызметкерінің тексеруінен өтеміз.
Автобус бағытқа шықпас бұрын оның жүргізушілерін жіті медициналық тексеруден өткізу қалыпты жағдай. Себебі бозала таңнан түңгі сағат 11-ге дейін жұмыс істеу оңай емес. Жүргізуші шаршап-шалдығуы әбден мүмкін. Автобустың техникалық жағдайы тексеріледі.
Жомарт Байбеков, «№1 автобус паркі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары:
- Қазір мұнда көп автобус жөнделіп жатыр. Бұл қалыпты жағдай. Сосын техника болған соң кез келген уақытта бұзылуы мүмкін. Әрқайсысы 8 мың шақырым жүргеннен кейін техникалық тексеруден өтеді. Май-суы алмастырылады. Тежегіштері, дөңгелектері тексеріліп, барлық қауіпсіздік шараларына сәйкестігі анықталады.
Мұнда 1500-ден астам жүргізуші еңбек етеді. Күн сайын 760 автобус түрлі бағыттарда жолаушылар тасымалдайды. Мекеме басшысының орынбасары алдағы уақытта қоғамдық көлік үшін түске дейін бір жүргізуші, түстен кейін басқасын шығару туралы мәселе қаралып жатқанын айтты. Бұл жүктемені азайту үшін жасалмақ.
- Өкінішке қарай жөл-көлік оқиғасы күнде болады. Басым көпшілігі басқа көліктердің кесірінен тіркеледі. Жол бермейді, сырып кетеді. Мысалы, кеше 11 жағдай тіркелді. Тек соның біреуі ғана қоғамдық көлік кінәсінен болды. Әлеуметтік желіде біздің жүргізушілеріміздің телефон қарап, алаңдап кететінін жазып жатады. Ондайда кінәсі дәлелденсе, жауапқа тартылады.
Қоғамдық көлікте қауіпсіздікті қамту үшін үздіксіз бақылайтын бейнекамера орнату көзделіп отыр. Ол жүргізушіні де қадағалап отырады. Ал жолаушылар тасымалдауымен айналысатын мекеме өкілдері жолда жүретін өзге де көлік иелеріне тиісті ережені сақтауды ескертеді.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Роза Сатканова, Айбын Құсанбеков