Қазақстан – Қытай: Туристер қатары арта түсті

  • 72
  • 06.06.2025, 18:39

Қазақстан Қытайдың туристік нарығындағы орнын нығайтып келеді. Бұл бағытта бірқатар шешім қабылданды. Оң өзгерістер де байқала бастады. Бір ғана визасыз режимнің орнауы туризммен қатар, іскерлік қатынастың да тынысын ашты. Бүгінде елімізге Қытайдан келетін туристер көбейді. Кейінгі 2 жылда көрші елден саяхаттағандар саны 9 есе артқан. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саласының дәл қазіргі деңгейге жетуіне 30 күндік визасыз режим тікелей әсер етті. Осының арқасында арада барыс-келіс күрт өсті. Себебі шекарадан өту әлдеқайда жеңілдеді. Бұл бір. Екіншіден, әуе рейстерінің көбеюі де оң ықпалын тигізді. 

Дәл қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 50 жолаушылар рейсі тұрақты түрде қатынайды. Бейжің, Сиань, Ханчжоу, Гуанчжоу, Үрімжі қалаларына тікелей рейстер ұшады. Қазір Шанхай мен Чэнду сияқты ірі қалаларға жаңа бағыттар ашу жоспарда. Теміржол арқылы қатынайтын жаңа туристік бағыт ашылды. Жолаушылар пойызы Сиань қаласынан Алматыға санаулы күн бұрын аттанды. Демек енді Қытайға пойызбен де оңай келіп кетуге болады. Үшіншіден, Қытай нарығына бағытталған ақпараттық жұмыс қарқыны да ықпал етті. Мәселен, Былтыр Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы өтті. Соның нәтижесінде туристер ағыны бірнеше есеге артты. 40-қа тарта мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ Қазақстанның ең көрікті, тұмса табиғаты Қытайда өткен әлемдік деңгейдегі ең ірі көрмелерде таныстырылды. Нәтижесінде Қытай саяхатшылары арасында Қазақстанның танымалдығы арта түсті.

Шахрат Нұрышев, Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Тығыз байланыс орнатудың арқасында шекара маңы туризмінің мүмкіндіктері кеңінен жарияланды. Алматы, Астана, Маңғыстау облысы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары қалаларының роуд-шоулары өткізілді. Сондай-ақ Қазақстан-Қытай аумағында өткен ірі әлемдік деңгейдегі көрмелерде таныстырылды. Осының нәтижесінде Қазақстанға қытайлық туристер ағаны 655 мың адамға дейін жетті. 2023 жылмен салыстырғанда өсім 78 пайыз болды.

2024 жылдың статистикалық мәліметіне сәйкес, қазақстандық қонақүйлерде 145 мыңнан астам қытай туристеріне қызмет көрсетілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 66 пайызға көп. Оның үстіне, Қытай Қазақстан үшін негізгі туристік нарықтардың бірі. Сала мамандары іргеде тұрған мүмкіндікті пайдаланып, туристерді әлі де еселеу керек деп санайды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазір Қазақстан Қытайдың туристік нарығындағы орнын біртіндеп нығайтып келеді. Бұл ел де бізбен достық қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға мүдделі. Биыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы өтіп жатыр. Мұндай деңгейдегі өзара ұйымдастырылған іс-шаралар саяхатшылардың екі ел арасында емін-еркін жүріп-тұруына жол ашып отыр. Бұл туризмді мейлінше дамытуға мол мүмкіндік береді. 

Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын