Еліміздің негізгі жол бойларында 60 қонақүй кешені салынбақ

  • 75
  • 06.06.2025, 17:36

Бұл алдағы бесжылдықта іске асатын жоба. Себебі жыл өткен сайын елімізде отандық және шетел туристерінің саны артуда.

Алуа Маханбет, тілші:

- Біз қазір елорданың жүрегіне айналған «Бәйтерек» монументінде тұрмыз. Биіктігі 97 метрлік монументтің үстінен Астана ерекше әсем көрінеді. Дәл осы көріністі көруге отандық қана емес, шет елден де мындаған турист келуде.

Блиц-сауалнама:

- Ақтау қаласынан, Маңғыстау облысынан арнайы осы «Бәйтеректі» көруге келдік. Қазақ елі тек алдыңғы қатардан көріне берсін!

- Мен Ресейден келіп тұрмын. Өзім Америка құрама штаттары, Сербия, Финляндия сынды бірнеше елде болдым. Соның ішінде Астана мен көрген әсем қалалардың бірі.

- Біз Германиядан келдік. Қазақстанға араға 36 жыл салып келіп тұрмыз. Өзіміз Қарағандының тумасымыз. Қатты толқып тұрған жайымыз бар. Көңілімізді қуаныш кернеп тұр. Себебі Отанымыз осы уақыт ішіндей ауыз толтырып айтарлықтай гүлдеп, дамыған екен.

Елорданы «құс ұшатын» биіктіктен көруге күніне 2500-3000 адам келеді екен.

Карина Бейсекеева, «Бәйтерек» монументі келушілерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы:

- Жыл басынан бері келушілер саны 155 мыңға толды. Оның ішінде 250 мың адам ол шет ел азаматтары. Жуырда ғана өткен халықаралық форумға байланысты шетелден келген азаматтар саны өте көп болды.

Өткен жылы 10 млн 500 мыңға жуық адам отандық демалыс орындарын таңдаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 900 мыңға артық. Жалпы елімізге әртүрлі туристік мақсатта 15,3 миллион шетелдік қонақ келіп, орта есеппен 1200-1500 АҚШ доллары  көлемінде қаражат жұмсаған. Яғни олар ел қазынасына 2,6 миллиард АҚШ долларын қосқан. Саяхатшыларды қызықтыратын үздік бағыт  – Алматы мен Астана қалалары және Алматы, Түркістан, Ақмола  мен Маңғыстау облыстары.

Бұл ретте ішкі туризмді дамытуға бағытталған Kids go free бағдарламасын атап өту керек.

Айжан Жолдасбекова, ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі: 

- Аталған бағдарлама арқылы 2 мен 7 жас аралығындағы балалар ата-анасымен немесе жақын туыстарымен бірге ел ішінде саяхат жасағанда олардың билет шығындарын мемлекет өтеп береді. Бағдарламаға қатысудың басты шарты турды лицензиясы бар оператордан сатып алу. Соңғы үш жылда Kids go free бағдарламасы бойынша 5500-ден астам бала отбасылық туристік пакеттермен Қазақстан бойынша тегін әуе саяхаты мүмкіндігін пайдаланған.

Елдегі тартымды туристік бағыттардың бірі - Бурабай. Былтыр мұнда 1 млн-ға жуық саяхатшы барған болса, оның 350 мыңға жуығы орналастыру орындарына тоқтаған. Демек Бурабайды таңдайтындар аз емес. Сондықтан курортты өңірде балама бағыттарды дамыту жоспары қаралып жатыр. Ал Алакөлге дейін жазғы маусымда қосымша вагондар мен билет құны қолжетімді әуе рейстері іске қосылды. Тасжолмен жету де бұрыңғыдай шаршатпайды, - дейді сала мамандары.

Еркебұлан Сағатбек, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің  бас сарапшысы:

- Талдықорған-Өскемен автожолындағы жұмыстар 2024 жылдың соңына дейін және 2025 жылы толығымен аяқталып, биыл пайдалануға беріледі. Шығыс Қазақстан бағытынан алғанда, Өскеменнен Қалбатауға дейінгі 100 шақырым және Қалбатаудан әрі қарай шамамен 350-400 шақырым жолда жұмыстар жүргізілді. Ал Алматы бағытынан алғанда, Талдықорған қаласынан басталатын жолдың реконструкция жұмыстары аяқталды.

Жол бойында 60 мотель салынбақ

Жол демекші, ел арасында көлікпен саяхаттап, отанымыздың көрікті жерлерін көремін дейтін туристерге жағымды жаңалық. 2030-шы жылға дейін негізгі жолдар бойында 60 мотель салынбақ.

Әлішер Тұрсын, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры:

- Яғни әр өңірде үш мотельден салынатын болады. Бұл негізінен мотельді ғана қамтымайды, сонымен қатар жалпы алғанда көпфункционалды кешен деп қараймыз. Ол жерде мотель бар, кафе, рестораны бар, жанармай құю бекеті сияқты объектілер  болады.

Қазақтың кең байтақ даласында ішкі туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар. Ендігі бағыт өз жерімізде инфрақұрылымы мен қызмет көрсету сапасы жоғары демалыс орындарын ашу.