Биыл сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі артты. Майлы дақылдар 3 миллион 400 мың гектарға егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 мың гектарға артық. Мал азығы дақылдары 3,3 млн гектар, дәндік жүгері 167 500, көкөніс-бақша дақылдары 222 300 гектарға жетті. Әлеуметтік маңызы бар дақылдарға келсек, картоп былтырғымен салыстырғанда 11,3 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 83 400 гектарға жетті. Ал ресурсты көп қажет ететін және баға өзгерісіне бейім бидай, күріш, мақта сынды дақылдардың көлемі қысқартылды. Биыл егіс науқанына 2,3 млн тонна тұқым дайындалған. Бұл дала жұмыстарын уақытылы әрі кідіріссіз атқаруға мүмкіндік берді.