Биыл 140 орман өрті тіркелді

  • 259
  • 09.06.2025, 18:40

Өрт қауіпті кезеңі басталғалы еліміз бойынша 140 орман өрті тіркеліпті. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Жаз енді ғана басталғанын ескерсек, табиғат аясына демалуға шыққанда сақтық шараларын қатаң сақтанған жөн. Бүгінде дала өрттері де жиілеген. Құтқарушылар биыл бір мыңнан астам шақыртуға шығыпты. Өрттердің негізгі себебі бұрынғыша адам факторы. Нақтырақ айтқанда құрғақ өсімдіктерді рұқсатсыз жағу және өртті абайсыз пайдалану. Мамандардың айтуынша қазір өрт ошақтарын ерте анықтауға басымдық берілуде. Ол үшін бейнебақылау камераларына қосылған ақпараттық жүйелер орнатылуда. Сондай-ақ космомониторинг арқылы да жағдай бақыланады. 

Қанат Доспаев, ҚР ТЖМ комитет төрағасының орынбасары: 

-Полиция және әкімдік өкілдерімен бірлесіп 6 мыңнан астам рейд ұйымдастырылды. Нәтижесінде қауіпсіздікті сақтамаған 3 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтарға айтарымыз сіріңкелер мен сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастамаңыз. Сондай-ақ табиғатта шыны ыдыстарды қалдырмаңыз. Өйткені күн сәулесі әйнектен өтіп, құрғақ шөпті өртеп жіберуі мүмкін.