Павлодарда тойға барғандар жаппай астан ұшынды

  • 43
  • 09.06.2025, 18:42

Павлодарда тұрғындар жаппай астан ұшынып қалды. Зардап шеккендер екі күн бұрын қыз ұзату тойына барған екен. Отбасылық салтанатқа шақырылған 150 қонақтың 50-і денсаулығына шағымданыпты. Медициналық көмекке жүгінген 29 адамның жартысы ауруханаға жатқызылды. Қалғаны амбулаторлық емдеуге жіберілді. Барлық науқастарға бактериялық ішек инфекциясы диагнозы қойылды. Қазіргі таңда ауруханадағы науқастардың жағдайы орташа ауырлық деңгейінде. Той иелерінің айтуынша өздерін жайсыз сезінген басқа қонақтардан да шағымдар түсіп жатыр. Осы оқиғаға байланысты эпидемиологиялық тергеу басталды. Тамақ өнімдері мен судан сынама алынып, зертханалық сараптама тағайындалды. Ал мейрамхана қызметі уақытша тоқтатылды.

Азиза Исабай, Павлодар қаласының тұрғыны:

-Бүкіл менің туыстарым, жақындарым барлығы ауырып жатыр. Біз әр адамды уайымдап тұрмыз. Өзім шақырып, ол біздің туысқанымыз, ол жерде менің әкем жатыр. Ол кісіде жақында инсульт болды. Сосын екі қабат құрбым жатыр. Одан кейін ағам бар, сахарный диабет ол кісіде. Басқа шетелден келген адамдар бар, басқа қаладан келген адамдар бар.

Гүлнар Ақылбекова, облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

-Тексеру барысында мейрамхананың тамақтандыру бойынша қызметті жүзеге асыруға санитарлық-эпидемиологиялық рұқсатының жоқ екені белгілі болды. Сонымен қатар онда жұмыс істейтін жеті қызметкердің санитарлық кітапшасы болмай шықты. Тазалық нормаларын өрескел бұзған мекеменің қызметі уақытша тоқтатылды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес құзырлы органдар тарапынан тиісті шаралар қабылданатын болады.