Сырдария өзенінің деңгейі төмендеуіне байланысты Қызылорда облысында су үнемдеу шаралары күшейтіліп жатыр. Шаруалар арналарды тереңдетіп, су айдау қондырғыларын орнатуға кіріскен. Қашыртқы суларын қайта пайдалану да көзделіп отыр. Ал өзеннің аяқ жағындағы Қазалы ауданының диқандары тығырықтан шығар жолды тапты ма?
Қазалы ауданындағы шаруашылықтардың бірі биыл күріш алқабын қысқартып, жоңышқа көлемін арттырған. Өткен жылы 750 гектарға күріш еккен. Биыл бұл дақылды 550 гектарға дейін азайтқан. «Есесіне жоңышқа көлемі үш есеге ұлғайып, 300 гектарға жетті. Бұл жер құнарын сақтап, суды үнемдеу үшін қолға алынған шаралар», – дейді агроном.
Кеңес Шайықов, агроном:
-Екі жылдықтың шамасын осы үш каналмен жұмыс істеймін. Үш каналды да 45 шақырым қаздырып алдық. Соның арқасында су алу жөнінде бірден судың келуіне де бізге көп көмек болды. Біреу биікке орналасады, біреу төменге орналасады, сол арқылы биіктерді бірінші беріп алады, сосын барып ылдиға түсеміз. Бәріміз келісіп отырмыз. Кезек сол.
Ауданда биыл 6436 гектарға күріш егу жоспарланған еді. Алайда Сырдария өзеніндегі судың азаюына байланысты бұл көлем 800 гектарға дейін қысқартылған.
Сапарбек Қуатов, Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:
-Қазіргі уақытта жоғарғы жақтан судың көлемі аз түседі деген болжам бар. Сондықтан кеше аудан әкімдігіне шаруашылық басшыларын шақырып, ратацияны сақтау жөнінде және нақты көлемді анықтап отырмыз. Сол жөнінде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Биік жерлерге насостар қойып, шығару жөнінде. Қалай жағдайлар туындаса, сол бағытта жұмыстар істеу жөнінде іс-әрекет жоспарлары дайындалуда.
Облыс бойынша биыл 193 мың гектардан астам жерге егін егу жоспарланған. Оның ішінде күріштің үлесі 80 900 гектар. Алайда су тапшылығының алдын алу үшін қосымша шаралар қабылданып жатыр. Мамандар қашыртқы арналарындағы суды да кәдеге жаратпақ.
Талғатбек Дүйсебаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
-Шаруаларда қазір құр қарап отырған жоқ. Осы су тапшылығының алдын алу мақсатында облыс бойынша 357 насос қондырғыларын дайындап отыр. Күріштің көлемін сақтап қалуға қашыртқының суын пайдалану арқылы біз осы су тапшылығының алдын алатын боламыз.
Сонымен қатар су үнемдеу технологиясын пайдалану көлемі де ұлғайды. Биыл тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен егілетін алқап көлемі екі есеге артып, 4400 гектардан 9200 гектарға жетпек.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин