Семейдегі аспалы көпірдің асфальт жабыны толық ауыстырылады. Қазір құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Шаһардың қос жағалауын байланыстырып тұрған көпір 25 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген.
Қазір мен Семейдің қос жағалауын жалғап тұрған аспалы көпірдің үстіндемін. Бұл өткел шаһар үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін стратегиялық маңызды нысан. 25 жылға жуық жөндеу көрмеген өткелдің асфальт жабыны әбден тозған еді. Енді міне көптен күткен құрылыс жұмыстары басталды. Қазір мұнда құрылысшылар күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Жолдың ескі қабаты толық алынып, орнына жаңа асфальт төселеді.
Құрылыс жұмыстары 27 мамырда басталған. Қазір 80-ге жуық құрылысшы екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Барлығы 20-дан астам техника тартылған.
Руслан Дүскенов, мердігер компания өкілі:
-Асфальтбетон жабыны берік болуы үшін, ол жақсы жабысуы керек. Сол үшін біз арнайы гидрооқшаулағыш материалды қолданамыз. Қазіргі таңда жұмыстың жобасын әзірлеп қойдық. Сонымен қатар құрылыс процесін нақты реттейтін арнайы нұсқаулық бар. Барлық жұмыстар сол құжатқа сүйене отырып орындалады.
Аспалы көпірге төселетін асфальттың қалыңдығы бес сантиметрден аспауы шарт. Өйткені өткел одан ауыр жүкке есептелмеген. Жөндеу жұмыстарының сапасын жол активтері ұлттық сапа орталығының мамандары қадағалап отыр.
Хамзат Сұлтанов ,«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Абай облыстық филиалының директоры:
-Қолданып жатқан материалдардың сапасы барлығы бізден өтеді. Қазақстанда біз асфальт-бетон зауытының басында құрамын реттеу үстіндеміз. Оны реттеп болған соң аспалы көпірге қолданамыз. Жалпы полимер қосу саласын қолданып отырмыз Бастапқы мақсатымыз - көпірді дұрыс технология бойынша сапалы салу.
Семейдегі көпір 2000 жылдары салынған. Ол ТМД елдеріндегі жалғыз аспалы көпір. Өткелдің жалпы ұзындығы 1086 метр, ені 35 ал биіктігі 90 метр. Аспалы көпірмен күніне 80 мыңға жуық көлік өтеді екен.
Әділбек Увасилов, қалалық жолаушылар көлігі және автомоблиь жолдары бөлімінің бас маманы:
-Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аспалы көпірдің асфальтін толығымен ауыстыру жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта ескі асфальт төсемін демонтаждау толығымен бітті. Жақын күндері гидроизоляцияны толығымен бітіріп,жаңадан гидроизоляция жайып бітіреміз.Содан кейін асфальт төсемін салуға көшеміз.
Жөндеу жұмыстарын бір айдың ішінде аяқтау жоспарланып отыр. «Алайда нысанды қолданысқа беру мерзімі ауа райына байланысты», – дейді мердігер ұйым өкілдері.
Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы