Жаңаөзендік бассейнде ханбалық өсіруді табыс көзіне айналдырды

  • 294
  • 09.06.2025, 18:56

Жаңаөзен тұрғыны бассейнде ханбалық өсіруді табыс көзіне айналдырған. Бұл Маңғыстау өңірі үшін тың жоба. Тағы бір кәсіпкер сапасы жоғары қой жүнінен сырт және бас киім, кәдесый жасаумен айналысады. Іскер азаматтар бірнеше адамды жұмысқа алған. Ерекше бизнес бастағандар «Бір ауыл - бір өнім» жобасы аясында мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алуға үмітті. Сол арқылы қолдағы кәсібін жетілдіргісі келеді. 

«Мұнайшы» мәдениет үйінде азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі өтті. Құлпынай, тұщытылған су, хош иісті және кір сабын, ұлттық нақыштағы бұйымдардың барлығы Жаңаөзенде жасалған. Елдің назары шағын аквариумда жүзген ханбалықтарға ерекше ауды. Жергілікті тұрғын Атыраудан шабақ әкеліп, үй жағдайында өсіріп отыр. Мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алу арқылы кәсібін дамытқысы келеді. 

Жұмабек Жандосов, кәсіпкер:

-Бізде енді су тапшы ғой. Жер қазуымыз керек. Скважина шығару, сосын ток келсе деген сияқты. Ток жарты сағатқа сөнсе болды, барлық балықтан айырылдым деген сөз. Генератор болуы керек, соның барлығы қаражатқа тіреліп тұр ғой. Егер үлкейтетіндей масштаб болатын болса, адам алам жұмысқа. 10 адамға дейін алуға мақсаттанып жатырмын.

Сенек ауылының тұрғыны меринос қойдың жүнінен кәдесый, сырт және баскиім тоқиды. Бостангүл Бегенішева ісмерлік өнерді анасынан үйренген. Он саусағынан өнер тамған шебер бау-басқұр тоқитын ағаш құрал ойлап тауыпты. Авторлық туындысы шеберханада қолдануға, мектепте технология пәнін оқытуда қажет деп біледі.

Бостангүл Бегінішева, кәсіпкер:

-Бауды тоқу үшін бұрын әжелеріміз керегеге, ауыр затқа байлап қоятын еді ғой. Бұл станок өте қажет. Қыз балалар мысалы, күзеу, адарғы, қылыш, бірмүйіз дегендерді білмейді ғой. Өзіміздің қазақ қыздарын дамыту үшін, қазақтың ұлттық өнерін дамыту үшін соны үйретіп отырмын. 

Сәуле Салихова, «Бір ауыл - бір өнім» жобасының Маңғыстаудағы менторы:

-Бүгін біздің Жаңаөзенде көргеніміз - балық, сабын. Былтыр сабынның тек өзін шығаратын еді, биыл қаптамасымен шығаруда. Айына 2000 мың тонна сабын шығарамын дейді, ол үлкен жетістік. Осы аптада әр ауданды айналып шығамыз. Қазір іріктеу жұмыстары жүріп жатыр. Ең жақсы, ең сапалы, дамып келе жатқан өнімдерді өңірлік көрмеге шығарып, содан кейін республикалық деңгейге шығарамыз. 

Маңғыстауда «Бір ауыл-бір өнім» жобасы төртінші жыл жүзеге асып келеді. Былтыр 7 адам 5 млн теңге көлемінде грант ұтты. Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз ақшаны кәсіпкер өндіріске қажетті құралдарды алып, инфрақұрылым жүргізуге жарата алады. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін бағдарламаға 2024 жылы аймақ әкімдігі 100 млн теңге бөлді. Биыл да осынша қаражат қарастырылған.   

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев