Бүгін Халықаралық архивтер күні. Қазақстанда ұлттық архив қоры жыл сайын 300–400 мың іспен толығады. Қазір 27,5 миллионнан астам құжат сақтаулы. Бүгін құнды деректер қоры біршама толықты. Қазақстан Журналистер одағының лауреаты, Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, белгілі тележурналист Бейбіт Құсанбек пен оның зайыбы, архив саласының үздігі Ғазиза Исахан жинаған құнды құжаттар мемлекеттік сақтау қорына алынды.
Бейбіт Құсанбек - қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңба, өшпес із қалдырған, қаламы қарымды, сөзі сүбелі тележурналист. Оның «Арай», «Құрдастар», «Мұхиттың арғы жағы – Америка», «ХХ ғасырдың жиырма сәті», «Кездесу», «Үркер», «Тіл», «Өмір-өзен», «Ел ағалары», «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» сынды бағдарламалары әлі де көрерменнің көкейінде. «Бейбіт Құсанбектің журналистикадан бөлек ақындық, айтыскерлік, композиторлық қыры да дара болатын», – дейді замандастары.
Қарашаш Тоқсынбай, журналист, Б. Құсанбектің курстасы:
-Бейбіт достарын магниттей тартып тұратын. Ол өнері. Ол өлең мен ән жазды. Оның көзінің қарасын-ай әні біз әлі күнге дейін айтамыз.
Осындай ерек тұлғаның қолжазбалары мен елім деп жинаған құнды құжаттары бүгін «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына» табысталды.
Ғазиза Исахан, «Архив саласының үздігі», Б. Құсанбектің зайыбы:
-Кітап түрінде, содан кейін қолжазбалары бар. Бейбіттің жұмыс барысында немесе жұмыс барысында басқа да тұлғалармен кездескен фотосуреттері, олардың жазған пікірлері, ойлары. Бұл тек қана отбасылық мұра емес. Сол адамдардың қолтаңбалары арқылы қаншама тарихты білуге болады, сол дәуірдің тыныс-тіршілігін сезінуге болады.
Ғазиза Исахан отандық архивтің дамуына, қазақ тарихының терең зерттелуіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқан кәсіби маман. Мемлекеттің қорғауына тапсырылған 300-ден астам құжаттың ішінде оның еңбектері көп. «Әсіресе, Еуропа және Араб елдерінің архивтерінен тапқан тың деректері келер ұрпаққа құнды мұра», – дейді мамандар.
Жангелді Бимолдин, Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры:
-Ғазиза Тұрмағанбетқызы Париж қаласына барып, Мұстафа Шоқайдың жеке құжаттарын алып келген болатын. Енді сол құжаттардың көшірмелері бізге жеке қор ретінде тапсырылып отыр. Олардың ішінде, Яқыш Түркістан журналдарының кезекті шығарылымы, Мұстафа Шоқайдың жазған хаттары немесе ол кісіге жазған хаттар ерекше құнды құжат болып табылады.
Қазақстанда 236 мемлекеттік архив бар болса, онда 3 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді.
Алуа Маханбет, Таир