Қостанай облысындағы тірек елді мекендердің бірі Тәгіл ауылында Мәдениет үйі жоқ. Бұрыңғы екіқабатты ескі ғимарат жиырма жылдан артық қаңырап бос тұр. Жергілікті тұрғындар соны жөндеп, қалыпқа келтіруді сұрайды.
Тәгілдегі мынау Мәдениет үйі 1978 жылы салынған. Қазіргі күйі осы, үңірейген есік-терезеден жел үрлеп, аңырап тұр. "Кезінде бұл нысан халықтың рухани қажетін өтеп, өнер нұрын шашқан ерекше бір мәдениет ордасы болатын", - деп еске алады жергілікті тұрғындар.
Ғалия Шонова, Тәгіл ауылының тұрғыны:
- Хореография, би болды. Мен өзім баян аспабын меңгеріп, талай концертке қатыстым. Мәдениет үйі кең болатын. Көп халық жиналушы еді. Кино көрсетілетін. Біздің сахнада белгілі өнер жұлдыздары ән айтқан. Ауыл адамдарының арманы сол, Мәдениет үйін қалыпқа келтіріп берсе екен дейміз.
700-ден астам тұрғыны бар Тәгіл ауылының өнерпаздары қазіргі кезде әкімдіктің бір-екі бөлмесін паналап отыр. Оның өзін былтыр жөндеп берген екен. Бірақ өздерінше қанша әрлеп-сәндегенімен, аядай ғана бөлмені мәдениет ошағы деуге еш келмейді.
Анастасия Исмайылова, Тәгіл ауылдық округінің мәдениет қызметкері:
- Бізде қуыршақ театры бар. Үлкендердің, балалардың хоры, вокалды топ бар. Соларды бөліп-бөліп жинаймыз. Өйткені мына жерге сыймайды. Не сахна, не айналатын орын жоқ. Әсіресе 24 адамнан тұратын әйелдер хоры қатты қиналады.
Тәгілдіктердің тілегі: "Ескі Мәдениет үйін жөндеп берсе", - дейді. Бірақ жиырма жылдан артық қаңырап бос тұрған ғимаратты қалыпқа келтіруге бола ма, жоқ па, ол жағы беймәлім және дұрыстағанның өзінде 1400 шаршы метрді алып жатқан нысанды қыста қалай жылытамыз деген мәселе әкімдіктегілерді мазалайды.
Марат Шымырбеков, Сарыкөл ауданының әкімі:
- Енді ол жөндеуге жата ма, жатпай ма, қазір авариялық жағдайына байланысты экспертиза тағайындайтын боламыз. Енді оны авариялық жағдай деп танитын болса, ол жерде ешқандай жұмыс жасауға болмайды. Ал егер жарайды, қалыпқа келтіруге болады десе, онда әрі қарай жұмыс қарастыратын боламыз.
Аудан әкімінің айтуынша, ескі ғимарат жөндеуге жарамаса, онда шағын жаңа Мәдениет үйін салу жағдайы қарастырылатын болады.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг