АЭС салу жобасына қажетті өндіріс құру үшін ұлттық жоспар түзіледі

  • 190
  • 10.06.2025, 18:43

Қазақстанда АЭС салу жобасына қажетті өндіріс құру үшін ұлттық жоспар түзіледі. Бұл қазақстандық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Отандық мамандар құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға да қатыса алады. 

Елімізде тұңғыш атом электр станциясын салу – өте ауқымды жоба. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамту үшін қолға алынып отыр. Одан бөлек жобаны іске асырудың инфрақұрылымдық маңызы да орасан. Мәселен, отандық өндіріс, энергетика, білім-ғылым және мамандар біліктілігін арттыру секілді тұтас салаларды қамтиды.

Ернат Бердіқұлов, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры:

- АЭС құрылысы жобасын іске асыруда зор мүмкіндік ашылары анық. Атап айтқанда, қазақстандық шикізат пен материалдарды қолданудан құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысу, инжиниригтік қызметпен қатар халықаралық әріптестермен бірлесу арқылы қажетті жабдықтарды шығару. АЭС салуда жұмыстың басым бөлігі реактор емес, инфрақұрылым. Бұл тұрғыда қазақстандық компаниялардың тәжірибесі бар. Бұдан бөлек, біздің мыңдаған азаматымыз Түркия, Бангладеш, Египет секілді елдердегі станция құрылысына қатысып жатыр. Біз оларды да тартатын боламыз.

Сарапшылардың айтуынша, атом электр станциясының қызмет ету мерзімі 60 жылдан асады. Бұл оны пайдалану, сервис және күтім жасау ісінде жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұдан бөлек, ядролық медицина, диогностика және арнайы материалдар шығаруға ықпал етеді.

Ернат Бердіқұлов, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры:

- Бір АЭС құрылысы кезінде 10 мың шамасында жұмысшы еңбек етеді. Ал іске қосылғанда екі мың жұмыс орны болады. Сәйкесінше, жаңа балабақшалар, мектептер, ауруханалар салу, қонақүй қызметі, тамақтану, күзет және тағы басқа шағын және орта бизнес бағыттары пайда болады. Осы потенциалды толық пайдалану үшін Қазақстан экономикасы аясында Атом энергиясы жөніндегі агенттік, «Қазақстан атом электр станциялары» Үкімет және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, атом электр станциясы үшін өндіріс құру мақсатында ұлттық жоспар құрады. Ядролық қауіпсіздік стандартын қамту мақсатында құрылысқа қатысатын компаниялар үшін аттестация белгіленеді.

Айта кетейік, қазір АЭС құрылысын жүргізетін мердігерді анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар оны салуға отандық компаниялар да қатыса алатынын айтады. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Мейрамбек Қайыркелді