Ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін алғаш рет Алматыдағы Сайран көліне су жіберіле бастады. Бұл сәтті алматылықтар ұзақ күткен еді. Дегенмен абаттандыру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Қала ортасындағы демалыс орны қашан пайдалануға беріледі?
Сайран көлінің жаңартылған аумағы қазірден-ақ алыстан көз тартады. Көлдің табаны тазартылып, жағалауында жөндеу жұмыстары басталғанда қуанбаған алматылық жоқ. Енді міне, жаңғырту жұмыстары бітер-бітпестен тұрғындар жағажайда серуендеуде.
Мира Отарбаева, қала тұрғыны:
- Сайранның жанында зейнеткерлердің белсенділік орталығы бар, содан шығып, Сайранды күнде бақылап тексеріп кетеміз. Асығып күтіп жүрміз.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Жаңғырту жұмыстары толық бітпесе де көл жағалауы тұрғындардың сүйікті орнына айналып үлгерді. Ыңғайлы орындықтар, жасыл желек, алқызыл желкен Сайран көлінің жаңа келбетін айшықтап тұр. Алайда істелер шаруа әлі көп.
Көлдің Сайран автобекеті бөлігінде әлі де құрылыс жұмыстары жүруде. Су да кезең кезеңімен жіберіледі. Алматылықтар жазды жағажайда өткізгісі келгенімен, жоба толық аяқталмай, қолдануға берілгені дұрыс емес, - дейді.
Асқар Қалжанов, қала тұрғыны:
- Мен өзім жұмысқа тиянақты болғанды жақсы көремін, Ана екі темірді кісілерге кіріп кетпес үшін алып тастау керек. Көлге жаман бөтелке лақтырмау керек. Өздерінің қоқыстарын жинап кету керек.
Мархаббат Мұратбекқызы, қала тұрғыны:
- Су толық келмеген, ар жақ бітпеген, құтқару бекеті ашылмаған, балалар суға түсіп жатыр. Байқаусызда біреуі батып кетсе, оны кім құтқарады деген секілді. Негізі жұмыстары толық бітіп ашса, сол дұрысырақ болар еді деп ойлаймын.
Жөндеу жұмыстары қолайсыз ауа райының салдарынан бірнеше рет тоқтатылған. Әкімдік өкілінің айтуынша, қардың, жауын-шашынның көп болуы құрылыс жұмыстарына кедергі келтірген.
Абылай Жұмағазы, қалалық Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының өкілі:
- Бұған дейін Сайранда жағалауды бекіту жұмыстары жасалды. 30 мың шаршы метрден аса асфальт төселді. Тоғыз мыңнан аса көшет, үш мың тал отырғызылды. 600-ден аса жарық бағаналары орнатылды.
Сайран су қоймасы 1971 жылдан бері қолданылып келеді. Көлдің жағалауын күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 35 жыл бұрын жасалған. Ал былтыр басталған абаттандыру жұмыстары қашан аяқталатыны белгісіз. Жауапты басқарма өкілі қаланың жаңа әкімі Дархан Сатыбалды құрылыстың созылып кетпеуін өз бақылауына алғанын жеткізді.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев