15 мыңнан астам қылмыскер рақымшылыққа ілігуі мүмкін

  • 124
  • 11.06.2025, 18:30

Мәжіліс депутаттары Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында рақымшылық жасау туралы заң жобасын қабылдады. Амнистияға әлеуметтік осал топтар, оның ішінде жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған балалары бар аналар мен бірінші рет жеңіл немесе орташа ауыр қылмыс жасағандар ілігеді. Нақты қанша адам босап шығады? Қандай қылмыстарға рақымшылық қолданылмайды? 

Темір тор, тар камера, шектеулі еркіндік. Бұл 40 мыңнан астам отандасымыздың күнделікті өміріне айналған көрініс. Алайда жақында бәрі өзгеруі мүмкін. Біршамасына бостандықтың есігі айқара ашылады.

Себебі Мәжіліс депутаттары Конституцияның отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды қабылдады. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 10-шы, әрі ең ақуымды амнистия болмақ.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Босатылатындар тек оңша ауыр емес немесе орташа ауыр санаттағы қылмыс жасағандар. Егер ол адам өліміне әкелген болса, ол босатылмайды. Қазіргі таңда болжамды есеп бойынша рақымшылыққа ілігетін азаматтардың саны 15 мыңдай боп отыр. Бірақ 15 мыңның тек 4100 ғана босатылуы көзделген. 

Қалған азаматтардың жаза мерзімі қысқарады. «Бұл бюджет шығындарын да азайтады», - дейді депутат.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бір сотталушының күндік шығыны қателеспесем 2900 теңге. Осы амнистияда 4100 босату арқылы. Біздің бір жылда үнемделетін қаржы ол 5 млрд теңгенің төңірегінде. 

Әсіресе рақымшылық жүкті әйелдерге, кәмелетке толмаған балалары бар аналарға, жасөспірімдерге, зейнет жасындағы және мүгедектігі бар азаматтар мен алғашқы рет шалыс басқандарға қатысты қолданылмақ. 

Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің мақсат — ақтау емес, мүмкіндік беру. Әйелдерге балаларына оралуға мүмкіндік беру. Жылдар бойы аналарын зарыға күткен балалармен қауыштыру.

Алайда терроризм, педофилия, жемқорлық, қасақана немесе абайсызда адам өлтіру, азаптау секілді ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысты рақымшылық жүрмейді. 

Бұл – қоғамның қауіпсіздігі үшін жасалған нақты шектеу. Ал рақымшылық туралы заңның толыққанды қабылдануы — уақыт еншісінде.

Дана Әлиева, Азамат Саметов