Астанада 100-ге жуық жол жөнделеді

  • 146
  • 12.06.2025, 18:41

Астанада жол жұмыстары қыза түсті. Жаз бойы 100-ге жуық көше жаңартылады. Оның басым бөлігі жөндеуден өткізілмек. Ал құрылысы 11 жылға созылған Шабал Бейсекова көшесіндегі өткелді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір мұнда жүздеген адам еңбек етіп жатыр.  

Қасым Қайсенов көшесінде сәуірден бері жұмыс қызу. Жоспар бойынша жерасты желілерінен бастап жанындағы жүргіншілер жолы, бағдаршам толық жаңартылады. Көше жолына асфальт төсеу және жарық шамдарын орнату көзделген. 

Гүлнар Смағұлова, қала тұрғыны:

-Тезірек бітсе екен, жаңа жолмен жүрсек екен. Балаларымыз бар.

Ертай Керімқұлов, қала тұрғыны:

- Айналаның бәрі, жан-жағымыз құрылыс, үйлер түсіп жатыр. Енді тезірек біткені бізге де жақсы. 

Бұл көшені қиып өтетін Бұхар жырау көшесі де жөнделеді. Тақтайдай тегіс жол салып, айналасын абаттандыру 5 жыл бұрын бітуі тиіс еді. Бірақ мердігер жобаны толық аяқтамай кетіп қалған. Қазір өзге компания жалғастырып жатыр. 

Дархан Боранбаев, мердігер ұйымының өкілі:

- Қазіргі таңда Жошы хан көшесінен Қасым Қайсенов көшесіне дейін абаттандыру жасалып жатыр. Ол жерде жобада қарастырылған жаяу жүргіншілер жолы, велосипед жолы, техникалық тротуар және көшені жарықтандыру бар.  

Жалпылай алғанда биыл бас шаһарда 50 шақырымнан асатын жолда орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұдан өзге 47 көше жаңартылады. Көпірлер мен өткелдердің жағдайы да назарда. Соның ішінде Шабал Бейсекова көшесінде өткел салынып жатыр. Бұл қалада көлік кептелісін болдырмау үшін жүзеге асып жатқан жоба. Құрылысы 2014 жылы басталған болатын.  
 
Өткел құрылысының осыншама уақытқа созылуын мамандар әр жылдары орын алған түрлі жағдайлармен байланыстырады. Оның ішінде ковид кезеңі және осы маңда орналасқан бизнес нысандары мен тұрғын үйлерді көшіру де көп уақыт алған. Ал өткелдің ұзындығы 600 метр болса, ені 100 метрден асады. Сәйкесінше, үстінде көлік құралдары үшін 8 жолақ болады. 

Асхат Қарағойшин, қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы:

-Негізі биыл көпірді көлік өтуіне дайындап жатырмыз. Бірақ келесі жылға тағы жұмыстар қалады. Мынау абаттандыру, көгалдандыру деген бар. 

Жөндеуден өтетін жолдардың көбі биыл аяқталып пайдалануға беріледі. Ал жаңадан салынатындардың бірқатары алдағы жылдары тапсырылады. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин, Айдос Меделбеков