Азаматтар құқықтары мен бостандығын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселеcі талқыланды

  • 113
  • 12.06.2025, 18:34

Азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау тетіктерін жетілдіру, заңдылық пен құқықтық тәртіп құндылықтарын орнықтыру мәселелері «Тәуелсіздік тірегі - Ата Заң», «Конституциялық өзгерістер. Заң және тәртіп» атауымен өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқыланды. Аралас форматта өткен жиынның жағырапиясы кең. Отандық ғылыми қоғамдастық өкілдерімен қатар Италия, Германия, Өзбекстан және Ресейден сарапшылар қатысты. Конституциялық реформалар шегінде саяси-құқықтық жүйені жаңғырту, халықаралық тәжірибе мен құқықтық модельдер сараланды. Заңнамалық практикада көпшілікті толғандырған түйткілдің бірі заң тілі. Ғалымдар атап өткендей, заңның түсініксіз, қасаң жазылуы 18-ғасырдан бері жалғасып келе жатқан әлемдік проблема. Айтуларынша, заң заман ағымына қарай өзгерсе, тіл де тірі ағза ретінде эволюциялық өзгеріске ұшырап отырады. Сондықтан бұл бағытта тұрақты және жүйелі жұмыс жолға қойылып келеді.    

Болат Сыздық, ҚР Әділет министрлігі «Заңнама және құқықтық ақпарат институты» лингвистика орталығының басшысы: 

-Бізге ақ қағазға қара әріппен жарқырап тұрып заң жобалары келеді. Қазақ және орыс тілінде. Соны жаңағы біздің сарапшылардың ыждағатты жұмыстарының арқасында әжептәуір шималаймыз. Бұл өзі күрес. Ешкім біздің қарсыласымыз емес. Ешкім бізге жау емес, қазақ тіліне, мемлекеттік тілге. Тіпті тілді қолдаушылардың арасында өзге ұлт өкілдерінің арасындағы депутаттардың қатары көбейіп келе жатыр. Биылғы жылдың жоспарында 10 заң жобасын қазақ тілінде дайындап бастайды. Содан кейін барып орысшаға аударады. Орыс тілі сонда екінші ілеспе нұсқа болып дайындалады.