Шығыс Қазақстандағы Самар ауданында алғаш рет «Бір қабатты шығыс» бағдарламасымен бірнеше тұрғын үй салынады. Бұл ауыл-аймақтан қалаға бет бұрған көш қарқынын тоқтату үшін басталған шаралардың бірі. Өйткені облыста картадан жойылып жатқан ауылдар жетерлік. Соңғы он жылда 30 ауыл таратылса, тек былтырдың өзінде алты елді мекеннің орны ғана қалды. «Шалғайдағы жұрт болса, қарашаңырақты сақтап қалу үшін әлеуметтік әрі мәдени нысандар салып, инфрақұрылымды жетілдіру керек»,– дейді. Тек сол кезде ғана ауыл еңсесін тіктейді деген сенімде.
Шығыс Қазақстанда соңғы 10 жылда отыз ауыл картадан жойылды. Әсіресе шекара шебіндегі Катонқарағай, Тарбағатай, Күршім аудандарынан қалаға бет түзегендер көп. Өйткені инфрақұрылым нашар, мәдени-спорттық нысандар жоқтың қасы, барыс-келіс қиын. Облыс орталығына жақын Самар ауданының өзінде екі ауыл таратылуы мүмкін. Жаңажол елді мекені бұл тізімге кірмесе де, мұндағы жұрт алаңдаулы. Кезінде 100-ден аса үй болса, қазір 50 аула қалды.
Майра Ниматова, Жаңажол ауылының тұрғыны:
-Мектеп болмаса, клуб болмаса тозып кетеді. Біз сияқты кемпірлер қаламыз, шамасы келгендер қалаға кетеді. Қалаға жағдайымыз болса да барғым келмейді. Міне мына Қойтас жабылып қалды, мектеп жоқ. Балаларын бізге әкелді, Аққалаға апарады, өте қиын жағдай болды.
Жаңажолдықтар осы бір аядай клубтың жөнделгеніне ерекше риза. Себебі осындай мәдени-спорттық нысандар салынса, ауыл тірлігі тұраламайды. «Енді қарашаңырақтың орнын сипап қалмау үшін кәсіпке қолайлы жағдай жасалса»,– дейді қариялар.
Ерлан Сайфуллин, ауыл тұрғыны:
-Бұл кішкентай ауылды жерлердің шабындық жерлері де жоқ не ертеректе бәрінен айырылып қалған не егістік жерлері жоқ не шабындығы жоқ. Сонымен ауылды жерлер көшіп жатыр, ал жаңадан үй салынып бермейінше ауылға жастар келмейді.
Расымен де Самарда соңғы жарты ғасырда бірде-бір жаңа баспана салынбаған мекендер бар. Бұл олқылық енді ғана жойылады.
Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:
-Статистикаға қарағанда соңғы он жылда халық саны азайып жатыр. Самарда жалпы 11500 адам бар. Ауылды дамыту үшін не істеу керек? Бізде биыл «Бір қабатты шығыс» бағдарламасы бойынша бірінші рет Самар ауданында 16 үй салғалы жатырмыз.
Сондай-ақ ауданға оңтүстіктен 20 отбасы көшіп келеді. Бұл кейбір ауылды тарату туралы шешімді өзгертуі мүмкін.
Әлем Мамашев, ШҚО экономика басқармасының бөлім басшысы:
-Әрине егер ауыл халқы саны көбейсе, онда бұл ауыл сақталады және бұл тізімнен шығуы мүмкін. Бұл жергілікті аудан әкімдіктерінің жұмысының нәтижесінен шығады.
«Инвесторлар бас тарта алмайтын түрлі жобаларды да дамыту да маңызды»,– дейді сарапшылар. Әрі бұл іс-шараларды жеделдетпесе болмайды. Облыста қазір «оңтайландыру тізіміне іліккен» 30 елді мекен бар.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов