Атырау облысында шаруаларға қысқы мал азығын дайындау қиындап барады. Климаты қатал, шабындығы аз өңірде жем-шөптің шығынын мемлекет тарапынан субсидиялау мәселесі шешімін таппаған. 2021-23 жылдары шаруалардың жем-шөпке жұмсаған шығынын өтеуге облыстық бюджеттен 6 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген еді. Былтыр субсидия мүлде берілмей қалды. Малшы қауымды осы жағдай алаңдатып отыр.
Шаруа Манап Құлбасов 4 жылдан бері мал бордақылаумен айналысып келеді. Бағымдағы мал қоңды болса, пайдасы да мол. Тек күндіз-түні қолда ұсталатын жылқының шығыны да баршылық. Мына алаңда жылына 300-350 бас жылқы мен сиыр бордақыланады. Орташа шығын 15 млн теңге шамасында. «Себебі жем тасымал, суармалы жоңышқаға көп қаражат керек»,– дейді шаруа.
Манап Құлбасов, мал бордақылау алаңының басшысы:
-Малды жерде сапалы қылып, әрі көп ұстау керек. Оның шығыны көп. Жылына шөп дайындайтынымыз бар, жоңышқа 100 гектар егіп отырмыз. 4 жыл бұрын егілді. Оны суаратын жаңбырлатқышы бар, оның тоғы бар, суы бар, сосын жаңағы жұмысшылардың еңбекақысы, дизель отыны бар. Жылына 3-4 рет орылады.
Индер ауданында 400-ге тарта шаруашылық ата кәсіппен айналысады. Олар қысқы мал азығын көршілес Орал мен Ақтөбеден тасымалдайды. Бұған дейін жем-шөп дайындауға кеткен шығынды мемлекет субсидиялайтын. Ол шаруалар үшін үлкен көмек еді. Бірақ былтыр ол қаражат төленбей қалған.
Абай Әбдіров, Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
-Негізінен ауданымыз қуаңшылық аймақта орналасқан. Жем-шөп тапшылығы байқалады. Жылда осы өзекті мәселелердің бірі. 2022 жылы 85 шаруашылық ірі сабақты мал азығын дайындағаны үшін субсидия алды. 2023 жылы 150 шаруа қожалығы алды.
Бұл облыстағы мал шаруашылығымен айналысатын 2200-дей шаруашылыққа ортақ жағдай. Олардың барлығы төрт түлікті ет бағытында өсіріп отыр. Ал Үкімет 2024 жылы субсидияны тек сүт бағытындағы шаруашылықтарға берген. Былтыр облыстағы жалғыз тауарлы сүт фермасына мал азығының шығынын өтеу үшін 162 млн теңге төленіпті. Қалғандары әлі күтіп отыр.
Жасұлан Сұлтанғалиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
-2024 жылы қосымша бюджет қаражатының бөлінбеуіне байланысты мал азығына субсидия төленген жоқ. Биылғы жылы қосымша бюджет қаражаты бөлінген кезде осы бағыт бойынша субсидиялау жоспарланатын болады. Былтырғы қажеттілік бойынша мал азығының субсидиясына 2 млрд теңге қажет.
Былтыр Атырау облысы бойынша 605 мың тонна шөп дайындалыпты. Оның басым бөлігі өзге өңірлерден тасымалданған. Яғни мемлекеттен қолдау болмаса, Атырауда мал ұстау күшке түсетін түрі бар.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин