Асы-Түрген обсерваториясына жаңа телескоп орнатылды

  • 118
  • 12.06.2025, 18:59

Іле Алатауындағы Асы-Түрген обсерваториясына жаңа телескоп орнатылды. Құрылғы ғарыштағы қауіпті нысандарды анықтауға көмектеседі. Оның көмегімен комета, астероид секілді ғарыш денелерін және істен шыққан жер серіктерді, зымыран қалдықтарының қозғалысын бақылауға болады. Өйткені ғарыштағы қоқыс жер серіктеріне де, жерге де қауіпті. 

5 маусым күні астаналықтар түнгі аспандағы өзгеше құбылысқа куә болды. Жерге жақын ұшып өткен жарқыраған нысанның не екені әлі белгісіз. Мамандардың айтуынша, ол ғарыштағы зымыран бөлшектері болуы мүмкін. Құйрықты жұлдыздай жарқыраған нысан атмосферада толық жанып кеткен. 
 
Дегенмен ғарышта әлі де жерге қауіпті нысандар көп. Қазір әлемде астероид қаупіне байланысты бірнеше ірі халықаралық жоба бар. Соның бірімен Францияның аэроғарыштық концерні айналысады. Әр құрлыққа телескоптар орнатып, жаһандық жүйе жасаған. Енді осындай құрал Қазақстанда да пайда болды.

Гильом Деломени, зерттеуші-инженер /Франция/ :

-Біздің жоба Қазақстан мен Франция арасындағы табысты ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асты. Бұл ғылыми ұйымдар мен ғалымдардың өзара жұмысының нәтижесі. Сіздердің обсерваторияларыңыз жақсы жерде орналасқан. Шаң жоқ, көкжиек айқын көрінеді және ауа райы да қолайлы. Бұл жыл он екі ай бақылауға мүмкіндік береді.

Телескоптың оптикалық жүйесі жерге жақындап келе жатқан астероидтарды ғана емес, диаметрі 10 сантиметрге де жетпейтін ғарыш қалдықтарын да анықтай алады. Озық технологиялы француздық телескоп отандық астрофизика саласының дамуына септігін тигізеді. Сонымен қатар осында астрономиялық хаб құрып, терең зерттеулер жүргізуге болады.

Шыңғыс Омаров, В.Г.Фесенков атындағы астрофизика институтының директоры:

-Қазір орбитада өте көп істен шыққан спутник пен ғарыш қоқысы бар. Олар басқа ғарыш кемелеріне немесе жерге қауіпті. Біз жерге төнетін қауіптің алдын алып, спутниктерімізді сақтауды ойлаймыз. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткіміз келеді. Міне, астрономия мен астрофизика осыған көмектеседі.

Қазір Асы-Түрген обсерваториясына Қытай, Үндістан, Польша және басқа елдердің ғалымдары да қызығушылық танытып отыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып іргелі ғылымды дамыту жоспарда. 

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев